Әдебиет

Әулиеата мақамдары нотаға түсті

Қасиетті Жамбыл топырағы өнердің дәні төгіліп түскен аймақ. Әулиеата өңірінің ән, терме, жыршылық өнерінің тарихы тереңде жатыр. Оны зерттеп, зерделеу ғалымдар мен сала мамандарының құзырындағы шаруа. Ғасырлар бойы әр жерде айтылып, тұтас ортада бағаланбаған өнер туындыларын жинақтау да – үлкен жұмыс. Міне, осы шаруаны облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығы қолға алды.

Облыс әкімінің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында жарық көрген «Әулиеата мақамдары» атты кітапқа облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы қолдау білдірген. Мұндағы барлық еңбектерді жинақтап, баспаға ұсынған – облыстық айтыс ақындары мен жыршытермешілер орталығы. Кітаптың алғы сөзін танымал әнші, термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков жазған.

Бір айта кетерлігі, кітаптағы мақамдарды нотаға түсіру жағы ерекше ескерілген. Бұл ретте музыка мамандары Панабек Ахметов пен Төрехан Көрпебаев өте көп еңбек сіңірген. Жинаққа Жамбыл Жабаевтың «Жыр бастау» термесінен бастап, Сүйінбай, Майлықожа, Сауытбек ақындардың жырлары нотасымен берілген. Кенен Әзірбаев, Аяз Бетбаевтың жыр-термелері де көпшілікке ұнайтыны анық. Әулиеаталық басқа да танымал өнерпаздардың шығармалары қамтылған. Аталған кітаптың тұсаукесер рәсімін облыстық айтыс ақындары мен жыршытермешілер орталығы өткізді.

Әуелі орталықтың директоры Ахметжан Өзбеков пен Байзақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов жаңа кітаптың мазмұнына, жас өнерпаздарға берер тағылымына тоқталды. Кітаптың тұсауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков пен Мәдениет саласының үздігі Қасқырбай Нарбатыр қиды. «Кенен сазы» ансамблінің әншісі Айдын Тілепалдиеваның орындауындағы Кенен Әзірбаевтың «Бастау» әні көпшілік көңілінен шықты. Музыкалық бағдарлама барысында жетіген мен домбыра аспаптарының дуэті Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» шығармасын орындап, көрермендерге рухани әсер сыйлады.

Бұдан кейін ортаға кітап авторлары Панабек Ахметов пен Төрехан Көрпебаев шақырылып, жинақтың мазмұны мен мақсаты туралы баяндады. Жиында Amanat партиясы Байзақ аудандық филиалының басшысы Индира Әбілханқызы, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сатыбалдиева, термеші-жыршы Берік Қалиев, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы директорының орынбасары, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жандос Омаров, айтыскер Ербол Қамбатыр, облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін орталықтың директоры Балдай Төленқызы, Байзақ аудандық мұражайының басшысы Артық Үкібаев және Байзақ аудандық кітапханасының директоры Нұржамал Сапаралиева сөз алды.

Іс-шара барысында ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Музыка және көркемдік білім беру» кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Мақашева Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Насихат» термесін орындады.

Жиында республикалық домбырашылар бірлестігінің облыс бойынша төрағасы, Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның күйшісі Дидар Басықарев арнау өлеңін тарту етті. Іс-шара «Кенен сазы» ансамблінің орындауындағы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен қорытындыланды.

 

Есет ДОСАЛЫ