Аймақ

Он екі отбасы баспаналы болды

Отбасы – бақыт мекені. Бүгінде Байзақ ауданында баспанамен қамту жақсы жолға қойылған. Көпқабатты үйлер мен жеке баспаналардың көптеп салынуы да аудан көркін аша түсуде. Мәселен, жаңа жыл қарсаңында Сарыкемер ауылында 12 отбасыға баспана кілті тапсырылып отыр.

Сонымен Қ.Орынқұлов көшесінің ІІ бұрылысындағы тұрғын алқапта бой көтерген баспана кілттері салтанатты жағдайда иелеріне тапсырылды. Ол іс-шараға аудан әкімі Олжас Баққараев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

Салтанатты іс-шара барысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға салтанатты жағдайда 2-3 бөлмелі үйлердің кілті табыс етілді. Баспаналы болғандарды «Отбасы банк» облыстық филиалының директоры өкілі Нұрлан Сұлтанов та құттықтап, алдағы уақыттарда осал топтағы отбасыларға үй беру тәртібі жеңілдейтінін жеткізді.

Жаңа баспана кілтін алған көпбалалы ана Түймегүл Жақсылықова осындай баспана сыйлап отырған аудан, облыс басшыларына алғысын айтып, жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Жалпы жаңа баспаналар жылумен, жарықпен, таза ауыз сумен және табиғи газбен қамтылған. Үй маңында бау-бақша егуге арналған үш сотық бақша жері де қаралған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ ауданы