Тұрғындар көтерген әр мәселе назардан тыс қалмайды
Әулиеата өңірінің батысында орналасқан Сарысу ауданының бүгіні берекелі, болашағы баянды. Мұнда Президент Жолдауларының негізінде жүзеге асқан жемісті жобалар сәтті іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бүгінгі таңда аймақтағы іргелі өндіріс орындарының бірі – ресейлік «Еврохим» компаниясы ілкімді істерімен ілгері ұмтылса, «ҚазақСодасының» брендке айналатын күні жақын. Бұдан бөлек моноқалаларды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде аудан орталығы Жаңатас қаласы да көркейе түскен.
Десе де, аталған ауданда ағын су, экология, әлеуметтік дүкен ашу, жастарға арналған көтерме ақы мен ша лғай ауылдарға қатынайтын жолдарды жөндеу, тұрғындарды баспанамен қамту сынды шешімін таппаған бірқатар түйткілдер бар. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездесуінде нақ осы мәселелерді көтерген сарысулықтар аймақ басшысынан осы дүниелердің шешілуіне ықпал етуін сұрады.
Аудандық мәдениет үйінде жиында ең әуелі аудан әкімі Сәкен Мамытов баяндама жасап, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, Сарысу ауданында осы жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысымен оң динамика қалыптасқан. Мәселен, мұнда есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 112 миллиард 883 теңгеге орындалса, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 24 миллиард 852,5 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ мұнда негізгі капиталға 109 миллиард 809 миллион инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемі 28 миллиард 746 миллион теңгеге орындалыпты.
Еске салайық, осы жылы Саудакент ауылындағы емхана ғимаратының жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл ретте облыстық бюджеттен 156 миллион теңге бөлінген. Аудан әкімі қарапайым халық ендігі жерде тозығы жеткен аудандық орталық аурухана мен Түркістан және Үшбас елді мекендеріндегі апатты жағдайдағы медициналық пункттер жөндеп беруді сұрап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол өңір басшысынан тұрғын үй кезегінде түрлі санаттағы 1462 азамат бар екеніне тоқталып, келер жылы жаңа тұрғын үй құрылыстарын жүргізуге немесе дайын үйді сатып алуға қазынадан қосымша қаржы қарастырылуына ықпал етуін сұрады.
Жиналған жұртшылық та облыс әкіміне көкейдегі сұрақтарын қойып, мәселелерін айтты. Олардың басым бөлігі өндіріс орындарының көптеп бой көтеруі экологиялық мәселелерге алып келетінін әрі бұл ел-жұрттың денсаулығына кері әсер ететінін жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі дәл мұндай түйткілді мәселелер тұрғындармен келісіліп шешілетінін алға тартты. Әрбір мәселе бойынша жергілікті атқамінерлерден жауап алған аймақ басшысы барлық сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Облыс әкімі кез келген мәселенің оң шешілуіне қыруар қаражат қажет екенін алға тартып, өңір басшылығы жүйелі жұмыстардың көмегімен ауыл-аймақтағы проблемаларды кезең-кезеңімен шешуге күш салатынын атап өтті.
Жиын соңында облыс әкімі бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Есен ӨТЕУЛІ