Жаңалықтар

Жамбыл облысында газдандыру жұмыстары қарқын алып келеді

Бүгінде облыстағы 10 ауданның 9-ы газдандырылған, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Қазіргі таңда «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Жамбыл өндірістік филиалына қарасты 7 445 шақырым газ құбыры пайдаланылуда. Өңірде 245 729 тұтынушы газбен қамтылған, оның ішінде 77 415 пәтер мен 168 314 жеке тұрғын үй бар.

Бүгінде облыстағы 10 ауданның 9-ы газдандырылған. Тек Мойынқұм ауданында ғана газ жүйесі жоқ. Алайда 2024–2026 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, бұл ауданда да газ құбырларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ағымдағы жылы Жамбыл облысында бюджет қаражаты есебінен 9 елді мекенді газдандыру жобасы іске асырылуда. Жүргізіліп жатқан жұмыстар облыстың үш ауданын қамтиды және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірдің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағыттайды. Атап айтқанда,Талас ауданында Майтөбе (328 үй) және Қожағаппар (84 үй) ауылдары, Жуалы ауданында Қарабастау (200 үй), Жылыбұлақ (49 үй), Дарбаза (30 үй), Әбдіқадыр (35 үй), Жамбыл ауданында Жаңаөткел (50 үй), Тоғызтарау (90 үй), Құмсуат (27 үй) ауылдары газға қосылды.

Осылайша, барлығы 893 тұрғын үй көгілдір отынға қол жеткізді.

Аталған елді мекендер Билікөл көлінің маңында орналасқан. Бұл аумақта газдандыру жобаларына ұзақ жылдар бойы қаржы бөлінбей келген. Тек 2023 жылы жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталған. Жобаны толық аяқтау 2026 жылдың соңына жоспарланған.

Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, барлық ескертулер жойылған. Нысандарды пайдалануға қабылдау актілері рәсімделіп, қабылдау комиссиясының жұмысы тәмамдалған. Газбен жабдықтау «Қаратау» газ тарату станциясы арқылы жүзеге асырылмақ.

Жобалар нәтижесінде Талас ауданында газдандырылған елді мекендер үлесі 83 пайызға, Жуалы мен Жамбыл аудандарында 100 пайызға жетеді. Бұл бастама өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.