NIS Тараз ұстазы Оқу-ағарту министрлігінің жоғары марапатына ие болды
Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибелі педагогі Эльмира Акимова Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі және жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет дипломымен марапатталды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Эльмира Тұрсынқызы – NIS жүйесінде көп жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан, кәсіби қауымдастықта беделі биік маман. Ол халықаралық деңгейдегі (ECER, WALS) зерттеулерге белсене қатысып, Lesson Study және CLIL әдістемелерін енгізуде көшбасшылық танытып келеді. Педагогикалық шеберлік орталығының тренері ретінде өз тәжірибесін еліміздің өзге мұғалімдеріне де кеңінен таратуда.
Ұстаздың ең үлкен жетістігі – оның шәкірттері. Оқушылары республикалық және желілік ғылыми жобалар мен олимпиадаларда тұрақты түрде жүлделі орындарды иеленіп, мектеп абыройын асқақтатып келеді.