Әлеумет

Табиғат аясындағы тимбилдинг ұжымды ұйытты

Еліміздің рухани дамуы десе, ең алдымен мәдениет саласы ойға оралады. Ал ауыл мәдениетінің орны – бөлек әңгіме. Өнерімен ажарланып, салт-дәстүрімен салмақтанған ауылдық клубтар – тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін, ұлттық кодымызды сақтап, құндылықтарымызды ұрпаққа жеткізетін маңызды орда. Кезінде шағын «Изба-читальня» ретінде бастау алған бұл ошақтар халықтың сауатын ашып, рухани тынысын кеңейткен орталыққа айналды. Содан бері ауыл тұрғындарының шығармашылығын шыңдап, таланттардың танылуына жол ашқан маңызды мәдени шаңырақ болып қалыптасты.

Бүгінде ауылдық клубтардың қоғамдағы рөлі бұрынғыдан да тереңдеп, жаңа ғимараттармен толығып, заман талабына сай жаңарып келеді. Ауыл мәдениетін өркендету жолындағы клуб меңгерушілерінің еңбегі ерекше. Олар өнердің түрлі жанрларын дамытуға, үйірмелер мен ансамбльдердің жұмысын жандандыруға, тұрғындардың рухани әрі интеллектуалды дамуына үлес қосып келеді. Сондай айтулы іс-шараның бірі Талас ауданы, Майтөбе ауылының Талас өзені жағасындағы ең көрікті аумағында «АУЫЛ–CLUB» ARTтимбилдингі ұйымдастырылды.

Тимбилдинг - ағылшыннан енген ұғым. «Team» - команда, «building» -құру деген екі түбірден тұратын бұл сөз қазіргі таңда ұжымдық бірлікті күшейтудің заманауи тәсіліне айналды. Яғни, түрлі шығармашылық, спорттық, интеллектуалдық жобалар мен тренингтер арқылы ұжым мүшелерін ортақ мақсатқа жұмылдыру, ұйымшылдықты арттыруға бағытталған корпоративтік жаңа формат.

Табиғат аясында тұңғыш рет өткізілген бұл екі күндік мәдени іс-шараның ұйытқысы – облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығы. Іс-шара өтетін орынға арнайы сахна, LED-экран, дыбыс пен жарық құралдары орнатылып, спорттық ойын реквизиттері мен жұмыс штабына арналған киіз үй тігілді. Сонымен бірге клубт ардың т арихы, ауыл мақтаныштары мен жетістіктері, клуб паспорттары ұсынылды. Жобаның басты қатысушылары ретінде облыстың ауылдық, қалалық, аудандық мәдениет үйлерінің директорлары, клуб меңгерушілері, мәдениет майталмандары мен БАҚ өкілдері жиналды.

Алдағы он жылда барлық аудандарда жыл сайын дәстүрлі өткізу жоспарланған іс-шараның мазмұны да бай болды. Тимбилдинг барысында концерттік бағдарлама, интеллектуалды тапсырмалар, командалық ойындар, кәсіби тренингтер мен арнайы тапсырмалар қамтылды. Қатысушылардың қауіпсіздігіне де мән беріліп, өрт қауіпсіздігі мен жедел жәрдем қызметі толық қамтамасыз етілді.

Екі күнге созылған шығармашылық бәсеке соңында бас жүлде Талас ауданына, І орын Байзақ ауданына, ІІ орын Сарысу ауданына, ал ІІІ орын Меркі ауданына бұйырды. Ісшара өз мақсатына жетіп, жоғары деңгейде қорытындыланды.

 

Ақсұлу УСЕНБАЕВА

облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы.