Әлеумет

Кітаптың тұсаукесерінде оқырмандар ой бөлісті

Жақында жарық көрген әдебиеттанушы ғалым, қаламгер Сәмен Құлбарақтың «Байзақ батырдың ақырғы күндері» кітабының тұсаукесері Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өтті. Аталған туындыда халқымыздың игілігі үшін өз заманында ерлік танытқан, аянбай еңбек еткен тарихи тұлғалар туралы деректер көркем бейнеленіп, әдеби тілмен берілген. Сонысымен де құнды кітаптың тұсаукесері оқырмандардың ой бөлісуімен ерекше форматта ұйымдастырылды.

Әдеби кешке келген қаламгерлер жаңа кітаптың мазмұнын сөз етсе, жас оқырмандар авторға сұрақ қоя отырып, жаңа жинаққа деген қызығушылықтарын білдірді. Филология ғылымдарының докторы, Жазушылар одағының мүшесі, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, Аймақтық менеджмент академиясының академигі, әдебиеттану саласындағы бірнеше кітаптардың авторы Сәмен Құлбараққа ізгі тілегін білдірген белгілі жазушы Елен Әлімжан бүгінгі әдебиеттің бет алысы турасында ой қозғады.

Ал М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев «Ақын-жазушылардың көбі журналистикадан келеді, ғылымнан бастап қаламгерлікке келетіндер аз» деп Сәмен Оразғалиұлының ғылыми қаламгерлік қырына тоқталды. Осы университеттің аға оқытушысы, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев аталған кітапта айтылған тарихи деректер туралы айтса, Журналистика және филология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Асима Нусупова автордың жазушылық шеберлігін сөз етті. Осы кітаптың мазмұны турасында газетіміздің алдыңғы санында пікірін білдірген Ш. Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары Мадияр Ералы оқырмандық ойымен бөлісті.

Автор оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беру барысында «Басты мақсатым – халқымыздың тарихын әдеби көркем тілмен жеткізу және оқырманның жақсы әсер алып, салмақты ой түюі», – деді.

Қаламгердің осы мақсатына жеткенін әдеби кеш барысында оқырмандар тарапынан жаңа кітаптың мағынасы туралы айтылған пікірлерден байқадық. Расында жаңа туындыда Байзақ датқа туралы алыпқашпа ойлы сұрақтарға нақты жауап берерліктей деректер қамтылған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА