Әлеумет

Мен білетін Құрекең

«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» демекші, компьютермен ауызданып, теледидармен таралғысын тартып атқа мініп жүрген бүгінгі ұрпақ қазақ журналистикасының сардары, аударманың аузын айға білеген айбозы, қарымы зор қайраткер, қаламдас серігі Әбиболла Ахметов айтпақшы, «сүйегі де, өзі де ірі» Құрманбек Сағындықов сияқты саңылақ қаламгер болғанын біле қояр ма екен? Сондықтан ол кісі туралы есте қалғандарды тағы бір жаңғыртып, білгенімді шама-шарқымша айтып беру ұстаз алдындағы шәкірттік парызым деп білемін.

Дәл бүгінгі күні жүзге толып отырған Құрекең көзі тірі кезінде-ақ өз заманының аты аңызға айналған айтулы да айбынды азаматы еді. Ол кісі туралы сол «журфакта» оқып жүргенде-ақ арамызда талай әңгімелер айтылатын. Сапар Байжанов, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сейдіахмет Бердіқұлов...

Міне, осы алыптардың ортасында маған неге екені белгісіз Құрекеңнің тұлғасы ерекше асқақ, болмыс-бітімі бөлек болып көрінетін. Сол ықыласым себеп болды ма, әлде тағдырдың маған деген тартуы солай болды ма, ақыры диплом жұмысыма жетекшім Зейнолла Тұрарбековтың ақылымен «Алтынға айырбастамас асылымыз» деген тақырыппен марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларының қазақ тіліне аударылуы жайын алдым. Қазіргі ұрпақ үшін түсініксіз де түйсіксіз жәйт болып көрінер, бірақ сол кез үшін бұл тақырыптың төресі еді. Енді шынымды айтайын одан мені бір-ақ кітап құтқарды, Ол Құрманбек Сағындықовтың «Көсемнің асыл мұрасы» деген еңбегі еді. Жай кітап емес, аударма жөнінде жазылған тұтас бір жатқан трактат, сарқылмас қазына дерсіз. Бұл ғылымның тұнығынан сонда тұңғыш рет дәм татып едім. Сол дәм әлі аузымнан кеткен емес.

Диплом жұмысыма Үсебаев бастаған комиссия «бес» және «атап өтілсін» деген жоғары баға берді. Атап өттік те. Алла тағала тағдырымның соқпағын әу баста-ақ Құрекеңмен табыстыруға жазып қойған ғой, бір күні көше кезіп келе жатып, Совет пен Фурманов көшелерінің қиылысынан «Қазақстан» баспасы деген көрнекті маңдайшаны оқып қалдым. Оның директоры да болатынын қайдан білейін, «ең бастығы осы шығар» деп, «Бас редактор Құрманбек Әбілдаев» деген жазуы бар кабинеттің есігін имене аштым. Сірә, соғыс ардагері болуы керек, бір қолы ептеп кемдеу, екі бетінен нұры тамған, қызыл шырайлы, жылы жүзді бір кісі отыр екен. Қақалып-шашалып келген шаруамды айтып жатырмын.

– Сен ертең сағат онда кел, осында бір орын бар, соған ұсынып көрейін, – демесі бар ма әлгі ағайдың. Алайда, ол кісі айтқан жұмысқа адам алып қойып кіре алмадым.

Құрманбек Әбілдаев менің ұнжырғамның түсіп кеткенін көріп маған басқаша бағыт сілтеді. Сөйтіп «Қазақстан коммунисі» журналының қабылдау бөлмесінен бірақ шықтым. Ал ондағы жазуды оқып шын мәнінде талып қала жаздадым: «Бас редактор Құрманбек Сағындықов».

Иә, мен еңбегінен диплом жұмысын қорғаған, аты маған ертегідегі аңыздай естілетін Құрманбек Сағындықов мына есіктің аржағында отырған көрінеді. Не ілгері басарымды, не кейін кетерімді білмей теңселдім де қалдым.

– Жәмкенов деген сен бе? – деп сұрады менің әрі-сәрі күйімді аңғарып қалған хатшы қыз.

– Сені редактор күтіп отыр. Дереу әлде бір түймені басып емен есіктің аржағын хабарлап та жіберді.

– Кір, – деді. Енді шегінетін жер қалмады. Есікті ақырын ашып кіріп бардым. Ол кезде қазіргідей қытайдың ілмиген іркес-тіркес үстелдері жоқ. Кәдімгі еменнен жасалған шомбал мүліктер басшылардың айбынын асыра түсетін. Содан ба, әлде өзім күнде ашқұрсақ ілмиген студент болғасын ба, әйтеуір орындықта отырған адам маған айрықша дәу болып көрінді. Өзі еңгезердей аппақ кісі екен. Бір-екі аттап барып қалшиып қаттым да қалдым. Екі жанары бүкіл денемді қарып барады, тынысым жиілеп, денем бой-бой болып терлей бастадым.

– Қарағым бері кел, отыра ғой! О, ғажап, енді қарасам, манағы ызғардың ізі де жоқ, екі беті нарттай жанып, жылы жымиып отыр. Сұсты жанның мейірі аса шуақты болатынын осы жолы аңғардым.

– Шырағым, бізге жауапты хатшының көмекшілігіне қызметкер керек еді. Журналымыз Орталық Комитеттікі болғаннан соң міндетті түрде коммунист алуымыз керек. Естуімше партбилетің бар екен, сол орынға бара ғой. Өзіңді өзің көрсете білсең кейін бөлімге де ауыса жатарсың, – деді.

Менің өмірімде өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаз, асыл аға, қамқор басшы Құрманбек Сағындықовпен тағдырым осылай тоғысып еді. Айтпақшы, алғаш жолықтырған Құрманбек Әбілдаев та кейін журналымызға бас редактордың орынбасары болып келді. Сөйтіп, бір мекемеде екі Құрманбек қатар жұмыс істеді. Ол кісілерді шатастырмау үшін, «Үлкен Құрекең», «Кіші Құрекең» деп атайтынбыз.

Кейін жұмыс бабымен талай жерде қызмет істедім. Алайда бір отбасыдай ынтымағы жарасқан қос Құрекеңнің сондағы ұжымындай мекемені кездестірген емеспін. Құрекең жұмысқа келгенде аса талапшыл болғанымен, былайға өмірде ақжарқын, көргені мен түйгені көп, өте әңгімешіл мейірбан жан еді. Ол кісінің баспасөз басшылары арасында беделі болды. Біздің ұжым Құрекеңнің арқасында ешбір таршылық көргеніміз жоқ.

Менің де үйлі болуым сол кісінің арқасы. Жалпы ауылдан шығып, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін өскен Құрманбек Сағындықов кешегі Бауыржан, бүгінгі Бақытжан (Ертаев) сынды батырлар ауылының тумасы. Құрекеңді жақсы білетіндердің айтуынша, ол әулеттің өсіп-жетілуіне оның атасы Құрымбайұлы Үркімбайдың көп шапағаты тигенге ұқсайды. Қарт Қаратау баурайында өзіне қараған өрен-жарандарымен көшіп-қонып жүретін ол кісінің шаңырағында кешқұрым қисса-дастандар айтып, балашағаларға дейін ертек, түрлі мақал-мәтел, тіпті жұмбақ айту дәстүрге айналған. Сонда үрім-бұтағының кібіртіктеп, тасырқаған аттай еркін шаба алмайтынын көрген Үркімбай ақсақал қатты күйінеді екен. Арабша ғана қара танитын сауаты бар Сағындық баласына немерелерін оқытуды қатты тапсырыпты. Үркімбай атасының өзіндік мектебінен өткен жас Құрманбек күнделікті тіршіліктің ізін қуалап кетпей, ізденуді ерте бастайды.

«Жазушы бала» атанып ауызға ерте іліккен ол Жуалы ауданының алғашқы газетінің тұңғыш редакторы болған. Өзінің асқан еңбекшілдігі мен ізденімпаздығы, білімділігінің арқасында ол жоғары лауазымдарға қатарынан бұрын қол жеткізген адам. Құрманбек Сағындықовтың әдеби тілдің асқан білгірі, екі тілге бірдей жүйріктігі осы кезде-ақ белгілі бола бастаған. Ол Жуковтың «Отаны» мен Горькийдің «Ана» романдарын аударуды сол кезде-ақ бастағанға ұқсайды. Жалпы Бауыржан екеуі соғыс кезінде бірінбірі қалқалап, аман сақтап қалуға тырысып баққаны байқалады. Батыр Бәукеңнің әсері тиді ме екен, 8-дивизия құрамында зеңбірек батереясының саяси жетекшісі болып соғысқа араласқан Құрекең ұзамай «Отан үшін» деген дивизия газетінің редакторының орынбасары болып ауыстырылады. Ал оның редакторы кәдімгі Дмитрий Снегин еді. Құрекеңнің өзі Бауыржанның үзеңгілес серігі, қанды көйлек досы болғанын үнемі мақтанышпен айтып отыратын. «Батыр туралы мен жазбағанда кім жазады, кірісіп жатырмын» дегенін талай естідік те. Оған ғұмыры жетпеді ме, әлде бітіре алмай кетті ме екен, ол жағын анық білмедік. Құрекең 1988 жылы жер қара кезінде қайтыс болды.

Мен негізінен өз заманының алыбы Құрекеңнің өзіме ғана жасаған жақсылығын тілге тиек еттім. Ал ол кісінің менен басқаларға да, тіпті бүкіл елге жасаған шарапаты қаншама десеңізші. Шын мәніндегі өнегелі өмір, ғибратты ғұмыр. «Бұл ретте мен көз көрген тірі қазақтың біртуар азаматтары, әрі тұлғалары, ғалымдары Серікбай Бейсенбаев, Ермұхан Бекмаханов, Құрманбек Сағындықов, Мұхтар Жанғалиндердің өмірлерін бүгінгі ұрпаққа үлгі дер едім» деп жазыпты мемлекет қайраткері Дәуірхан Айдаров. Түптеп келгенде түгел сөздің тобықтай түйіні де осы.

 

Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ

заңгер-журналист