Қоғам

Кемеловтың көмегімен сауығып кеттім

Мен «Алтын алқа» иегері, батыр анамын. 86 жастамын. Осы жасымда тәубеден жаңылмай, сәждеге бас қойып, күніне бес уақыт намазымды өтеп, Алладан ұрпағымның, ел мен жұрттың амандықтарын сұрап келемін. Облыстық «Aq jol» газетінің 70 жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Ұл-қыз, немерелерім де сіздер шығарып жатқан өңірдің бас газетін оқып тұрады. Жазылым кезінде балаларыма ескертіп айтып, «Ең әуелі маған «Aq jol» газетін жаздырыңдар» деп тапсырамын. Себебі, газетсіз отыра алмаймын.

Алла берген 12 перзенттен 22 немере, 35 шөберем бар. Өзім 86 жасқа қараған шағымда оқыстан жығылып, ойламаған жерден тоқпан жілігімді сындырып алдым. Ұлым Рахымжан мен келінім Аманкүл, ауылдық амбулаторияда мейірбике қызым Гүлжан, немерем Азиз «Жедел жәрдем» көлігімен Т.Рысқұлов аудандық ауруханасының хирургиялық бөліміне алып келді. Ол жақта медициналық көмек көрсетіліп, КТ-ның нәтижесімен тоқпан жіліктің бөлінгенін анықтады. Ауданға белгілі білікті хирург Валихан Рубилов пен жедел қызмет дәрігері Марат Балтабаев жазылу жолдарына нұсқаулық қолдау білдіріп, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына арнайы «Жедел жәрдем» көлігімен жеткізді. Көпбейінді аурухана қызметкерлері барлық медициналық тексеруден өткізіп, ота жасау қажеттілігін ескертті.

«Тәуекел түбі жел қайық, өтерсің де кетесің. Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің» деп атам қазақ айтпақшы, 12 балам мен 22 немере 35 шөберемді қимасам да тәуекелге белді бекем буып, қарттығыма қарамай ота жасатуға келісім бердім. Аталмыш аурухана травматологы Даулетбек Кемелов тоқпан жілікті біріктіру жолымен ота жасады. Әуелі Алланың және ақ халатты абзал жандардың арқасында бір ажалдан аман қалып, қайта өмірге келгендей болдым. Қазіргі кезде осындай дамыған жабдықтары бар, медицина саласының білікті мамандарына өзімнің сүйікті газетім арқылы алғыс айтқым келеді. Апта өткен соң аурухананың қайта қалпына келтіру бөліміне жіберді. Мұнда бөлім басшысы Альбина Абдусаметова, дәрігер Айнұр Құлымбетова және мейірбикелері Шырын Нұрманова, Назира Кемпірбекова, Балжан Омарова, Күмісай Оспаналиева барлық мейірімдерін төгіп, күш-жігерлерін аямады.

Сонымен қатар төсектен тұра алмайтын науқас адамға санитарлық қызметтің еңбегі зор екенін айтқым келеді. Кіші қызметкерлер Гүлмира Аязбекова, Тынар Бектошова, Асыл Жарабекова, Дана Жырғалбекова және ас таратушы Рахия Сейтбекова, уқалау ісінің шебері, жіліктерді қалпына келтіруші Маралбек Ибрагимовке алғысым шексіз. Мен тағдырыма риза қарт адаммын. Ұзақ жасадым, шүкір. Алланың берген қара домалақтары есейді. Әрқайсысы бір-бір әулетке айналды. Немере, шөберелерім есейіп, еркелеп келіп тұрады. Бір адамға жетерлік бақытты ғұмыр кештім. Бүкіл ауыл сыйлайтын қартпын.

Балаларым мен ұрпақтарым тек жақсылық көрсе деймін. Өзім өмірімде ешкімге жаманшылық ойламадым. Сол қасиет ұрпақтарыма да дарыған. Сол үшін қуанамын. Ұл-қыздарым да өз орталарына сыйлы. Тіпті, немерелерім де жақсы істерімен, оқуда озат болуымен қуантып жүр. Жасымыз ұлғайған шақта әр бала, әр немере, шөбереге алаңдап отырасың. Ел мен жеріміз, Отанымыз аман болсын деп тілейсің. Тәуелсіз еліміз өрлеп, өркендеп өсе берсін. Осындай жақсы ойды үнемі көңіліме түйіп жүремін. Тоқсанға таяу жасымда батамды бере отырып, облыстық қара шаңырақ – «Aq jol» газетіне толағай табыс тілеймін!

 

Шәмшә ДЕМЕСІНОВА

«Алтын алқа» иегері.

Т. Рысқұлов ауданы