Антына адал жандар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында денсаулық саласын жақсартуды, медицинаны дамытуды назардан тыс қалдырған емес. Адам денсаулығын жақсарту – қоғамның үлкен жетістігі. Осы салада уақытпен санаспай өз міндеттерін адал атқарып жүрген дәрігерлер мен мейірбикелердің еңбегі ұшан-теңіз. Тіпті, жанкешті жұмыстарға барып жатыр десем артық айтпаспын. Олардың жылы сөзі мен мейірімді жүздері сырқатыңнан сауықтырып жібереді. Ондайда көңіл-күйің көтеріліп, жадырап қаласың.
Жасымыз ұлғайған сайын әртүрлі аурулар мазамызды алатыны рас. Өмір болған соң басымыз ауырып, балтырымыз сыздамай тұрмайды. Осындай сәтте ел игілігіне қызмет етіп, көптің алғысын алып жүрген ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеміз. 2025 жылдың қараша айында науқастанып, ауыр халде Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына түстім. Жоғары санатты білікті дәрігер, аллерголог Жұлдыз Қарабаева бар ықыласымен қарап, тиісті ем шараларды қолданды. Жағдайым ауыр болғандықтан, алғашқы үш күнде жансақтау бөлімінде жаттым. Ауруымның беті бері қарай бастаған соң, жалпы терапия бөліміне ауыстырды. Осы бөлімде жатып біраз күн ем қабылдадым. Сонда нені байқадым десеңізші. Өз мамандығына шынайы берілген, жасаған еңбегінің нәтижесінде науқас адамның айыққанын көріп қуанған мейірімді жандарды көрдім. Дәрігерлердің мұндай пейіліне қалайша қуанбайсың.
Барша оқырман қызығып оқитын облыстық «Aq jol» газеті арқылы осындай білікті де мейірімді дәрігердің бар екенін айтқым келді. Ақ халаттыларға шексіз алғысымды білдірсем деймін. Жақсы адамның жүзі қашанда нұрланып тұрады. Әр науқасқа өте жанашырлықпен қарап, адамгершілігін бәрінен биік қойған маман, өз ісінің шебері Жұлдыз Мұратханқызына алғыс айтатындар өте көп. Ол Қарағанды медициналық университетінің түлегі екен. 20 жыл еңбек өтілінің 15 жылын аллерголог-дәрігер қызметіне арнап келеді. Ол осы жылдар ішінде қанша жанды ажалдан арашалап, қанша жанның алғысын алды десеңізші.
Ауруханада бір ғана дәрігер бәріне үлгере алмайды. Күн демей, түн демей дәрігердің тағайындаған ем-шарасын өз уақытында жасап, жылы шырай танытып тұратын мейірбикелердің еңбегін де ерекше атап өтуге тұрарлық. Мәселен, терапия бөлімінің мейірімді мейірбикелері Фарида Хамзина, Нұржамал Омарқұлова, Фарида Назаралиева өз ісінің нағыз шеберлері. Олардың өз мамандықтарына деген адалдығы мен жұмыстарына тиянақтылықтарына тәнті болдым. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөзді дана халқымыз тегін айтпаса керек. Осындай ізгі жандардан көрген жақсылықты айтпай тұра алмадым. Алтын қолды дәрігерлердің нұры шалқи берсін.
Өз мамандығына шынайы берілген Гиппократтың антына адал осындай дәрігерлер көп болса екен. Адам баласының өмірі үшін арпалысып жүретін абзал жан Жұлдыз Мұратханқызына алғысым шексіз. Адамгершілігі биік, жүзі жылы, біліктілігі жоғары дәрігердің қашанда жұлдызы жарық болатынына көзім жетті.
Жұлдызың жарқырай берсін, ардақты дәрігер Жұлдыз!