Денсаулық

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: Заңға енгізілген өзгерістің берері не?

Жақында Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді ресми бекітіп, құжатқа қол қойды. Бұл жаңалық нені көздейді және нені өзгертеді? Көкейдегі сұрақтың жауабын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалынан сұрадық.

Филиал директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, өзгеріс қарапайым халық үшін медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында бюджет мүмкіндіктері мен азаматтардың қажеттіліктері бойынша теңдестірілген базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруды тапсырды. Бұл қадам мемлекеттік және сақтандыру бағдарламалары арасындағы қайталануды жоюға, пациенттер үшін де, дәрігерлер үшін де медициналық қызметтер тізбесінің айқын шекаралары мен ашықтығын қамтамасыз етуге, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Ғайни Төленқызының айтуынша, 2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетіне кезеңкезеңімен көшу басталады. Соның нәтижесінде аурулардың ерте профилактикасының қолжетімділігі артады.

Мемлекет онкологиялық ауруларға ерте тексеру жұмыстарын күшейтуді көздеп отыр. Сол себепті 2026 жылдан бастап онкоскринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі тізіміне өтіп, барлық азаматтарға сақтандырылғанына қарамастан, тегін болады. Бұған қоса, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады. Ал, 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 13 тобы бойынша консультативтікдиагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. Ал шетелдерде тегін мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетіне қандай қызметтер кіретінін салыстырмалы түрде айта кетелік. Мәселен, Ресейде санитариялық авиация, АИТВ/ЖИТС, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар, Эстонияда жедел медициналық көмек, АИТВ/ ЖИТС, инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар, Литвада тек жедел медициналық көмек, Германия мен Нидерландыда тек мейіргерлік күтім ғана тегін көрсетіледі. Бұл біздің елдегі медициналық көмектің қолжетімділігін аңғартады.

Пациенттер үшін қандай мүмкіндіктер бар?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген негізгі өзгерістер пациенттер үшін қандай мүмкіндіктерді кеңейтті? Бұл туралы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасынан сұрадық. Басқарма басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакеті қалыптасуда. Ел кезең-кезеңімен сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау моделіне көшіп жатыр.

Егер жұмыссыз азамат болса, сол мәртебені алуы керек, сонда жұмыссыз үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бұл мәртебені алу үшін алдын ала рәсімдеуге Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы немесе enbek.kz сайтында өтініш бере алады. 2026 жылдан бастап мемлекет төмен табысты азаматтардың медициналық сақтандыруын МӘМС төлейді. Бұл Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вицеминистрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №267 бұйрығымен қарастырылған.

Қолдауға жаңа әлеуметтік санаттарға «D» дағдарыстық деңгей және «E» шұғыл деңгейдегі азаматтар кіреді. Олар жеңілдік алушылар емес, әлеуметтік осал деп танылған жаңа топтар. Осы санаттардағы азаматтардың жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейді. «D» немесе «E» санатына жататынын азамат өз аймағындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан біле алады.

Облыста биылғы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығындағы деректер барлық негізгі нозологиялар бойынша тұрақты жағымды динамика байқалғанын көрсеткен.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА