Балалардың қуанышы – әлемнің шаттығы
Облыс әкімінің атынан ұйымдастырылған «Жарқыра, Жаңа жыл!» атты шырша мерекесі биыл ерекшеліктер мен әсерлі сәттерге толы болды. Тараз қаласынан және барлық аудандардан жиналған 100 бала шат-шадыман қуанышқа кенелді. Олар атаана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасының перзенттері.
Мерекелік кеште ертегі кейіпкерлері балаларға жылы сөздерін арнап, бірге қызықты ойындар ойнады. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі сахнаны жадыратып, бәрі бірге Жаңа жыл кешінің негізгі тұлғалары Аяз ата мен Ақшақарды дауыстап шақырды. Аяз атаның келуімен жаңажылдық ертегі одан әрі жалғасты. Сахнада «Аяз ата» әні шырқалып, Аяз ата ортаға қайта оралды. Балалар қуанып, мерекенің көрігі қыза түсті.
Аяз ата мен Ақшақар бастап, шыршаның әсем шамдары жағылды. «Шырша жыры» әні шырқалды. Іс-шарада көңілді кешті балалармен бірге тамашалауға келген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ортаға шығып, балаларды құттықтап, сыйлықтар тапсырды.
Атап айтқанда, Лиля Гузатова мен Арман Қалдыбек облыс әкімінің қолынан бағалы сыйлыққа, 80 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Мұндай сыйлық пен сертификат 100 баланың барлығына берілетін болады. Облыс басшысы балалармен бірге естелік суретке түсті. Мұнан соң да жаңажылдық шырша мерекесі көңілді жалғасты. Шырша мерекесіне жиналған балалардың үлкен әсерге бөленгені анық.
Есет ДОСАЛЫ