Қоғам

Жаңа жыл мерекесін қауіпсіз өткізейік

Жаңа жыл – барша халықтың асыға күтетін мерекесі, бірақ осы мерекенің қызығы мен қуанышы кейде қауіп-қатерге айналуы мүмкін. Әсіресе, пиротехникалық өнімдер мен түрлі қауіпсіздік шараларының сақталмауы жазатайым оқиғаларға алып келетін жағдайлар да кездесіп жатады. Осы ретте мереке оқыс оқиғаларсыз өтуі үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары тұрғындарды жаңа жылдық іс-шараларды дайындау және мерекелеу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе адамдар көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстану аса маңызды.

Қарапайым ережелер – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өрт қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері талқыланған баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбек мерекелік кезеңде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңызы ерекше екенін, әдетте осы кезеңде өрттің саны айтарлықтай артатынын атап өтті. Оның айтуынша, өрттің негізгі себептері пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдаланбау, электр желілерін шамадан тыс жүктеу және ашық отты абайсыз қолдану болып отыр. Сондықтан азаматтардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ мүлікті қорғау мақсатында өрт қауіпсіздігі шараларын күшейту аса маңызды.

Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы сонымен бірге тұрмыста өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау қажеттігін де еске салды. Мәселен, электр желісін шамадан тыс жүктемеу, электр құрылғыларын, шамдарды және ашық от көздерін қараусыз қалдырмау – өрттің алдын алудағы негізгі талаптардың бірі. Әрбір үй-жайда алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы, сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметтерінің телефон нөмірлерін білу маңызды. Өрт қауіпсіздігінің қарапайым әрі маңызды ережелерін сақтау – азаматтардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ мүлікті қорғаудың басты кепілі. Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қанат Құрманалиевтің хабарлауынша, бүгінде полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз пиротехникалық бұйымдардың сатылуы мен қолданылуының алдын алу, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен, мереке алдында және жаңа жыл күндері пиротехникалық бұйымдардың заңсыз сатылуы мен қолданылу фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында 20 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында облыс аумағында «Пиротехника» жеделпрофилактикалық іс-шарасының 2-ші кезеңі өтуде.

Осыған байланысты полиция мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бірлесіп, Тараз қаласы мен облыс аумағында орналасқан базарларда пиротехникалық бұйымдардың заңсыз саудасын анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Полиция қызметкерлері де тұрғындарды тек сертификатталған өнімдерді сатып алуға, пиротехниканы тыйым салынған орындарда қолданбауға және балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады. Сертификатталмаған бұйымдарды қолдану өрттің шығуына әкеліп, сіздің және айналаңыздағы адамдардың денсаулығына ауыр зиян келтіруі мүмкін.

Баспасөз конференциясында спикерлер облыс тұрғындары мен қонақтарын жаңа жыл мерекесін тыныш әрі төтенше жағдайларсыз өткізу үшін өрт қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп ережелерін қатаң сақтауға шақырып, Жаңа жыл мерекесі әрбір отбасыға қуаныш пен жақсы көңіл-күй сыйлап, төтенше жағдайларсыз, қауіпсіз өтсе деген тілектерін жеткізді.

Елімізде отшашуға қатысты қандай айыппұлдар қарастырылған?

Жалпы Қазақстанда отшашу (салют) атуға тыйым салынбаған, бірақ оларды қауіпсіздік ережесін сақтамай атқандар айыппұл төлейді. 2025 жылы мұндай айыппұл мөлшері 78640 теңге, ал 2026 жылы 86500 теңге болады. Қазақстандықтар үшін отшашу – Жаңа жылдың басты белгілерінің бірі. Қазақстанда отшашу атуға тыйым салынбағанымен, құқық қорғау органдары қауіпсіздікті ескермей отшашу пайдаланғандарды жазалайды. Мәселен, отшашуды тек белгілі бір жерде ғана атуға болады. Ондай жерге тұрғын үйлерден кемінде елу метр қашықтықтағы бос кеңістіктер жатады. Сондай-ақ аумақ ағаштардан, электр желілерінен және отшашу тиюі мүмкін басқа да кедергілерден таза болуы керек. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 436-бабына сәйкес, бұл талапты орындамағандарға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады, ол 2025 жылы 78640 теңгеге тең.

Айта кету керек, 16 жасқа толмаған балаларға отшашу атуға тыйым салынады. Атааналар да бұл ережені бұзса 78640 теңге айыппұл арқалайды. Отшашуды көпшілігі жаңа жылдық түн кезінде, сағат тілі 00:00-ден ауған шақта басталатынын ескеру маңызды. 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш өседі, онымен бірге рұқсат етілмеген жерлерде отшашу атқаны үшін айыппұл 86500 теңгеге жетеді.

Айта кету керек, кодексте азамат бір жауапкершілікке тартылғаннан кейін бір жыл ішінде осы құқық бұзушылықты қайталаса, айыппұлды 30 АЕК-ке дейін арттыру көзделген. Қарапайым тілмен айтқанда, егер Қазақстан азаматы 2025 жылы отшашуды дұрыс емес жерде атса, 78640 теңге төлейді. Егер ол 2026 жылдың басында қайтадан құқық бұзса, 129750 теңге төлеуге мәжбүр болады. Сондықтан жаңа жыл қарсаңында отшашу атуды жоспарлап отырған қазақстандықтар мерекелік көңіл-күйді түсірмес үшін осы шектеулерді ескеруі керек.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП