Аймақ

Үздік жастар марапатталды

Санаулы күндерден соң тарих қойнауына енгелі тұрған 2025 жылдың қорытындысында өңірдің дамуына еңбегімен үлес қосқан әр саланың белсенді жастары марапатталды. Дәстүрлі түрде жылда өткізіліп келе жатқан бұл марапат әр салада үздік деп танылған жас тұлғаларды көпшілікке танытуды, жастарды еңбекке, білімге, шығармашылық пен патриоттыққа баулуды мақсат етеді. Үздіктерге марапат облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған «Жастар балы – 2025» салтанатты кешінде табысталды.

Салтанатты жиын 20 ұл мен 20 қыздан құралған жастар вальсімен басталып, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы үздіктер қатарынан табылған жас мамандарға өнімді еңбекті жалғастырып, Отанның игілігі үшін аянбауға тілектестігін білдірді.

Өңірдегі қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, үлкен жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізген еңбектерімен марапатқа ие болғандар «Үздік волонтерлік ұйым немесе топ», «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі», «Үздік жастар ресурстық орталығы», «Үздік жастар ресурстық орталығының маманы», «Үздік волонтер жас», «Үздік студент», «Үздік жастар ұйымы», «Үздік жайдарманшы» номинациялары бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды. Жастар балы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертімен жалғасты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА