«Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, білім, мәдениет және қоғамдық диалог орталығы»
Санаулы күндерден соң тарих қойнауына енгелі тұрған жыл қорытындысында көптеген әдеби, рухани істерге ұйытқы болған Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының жұмыстары турасында директоры Эльмира Абдиновамен сұхбаттасқан едік. Себебі, бұл жыл облысымызда «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасына арналды және жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын көпшілікке танытқан ауқымды жұмыстар жүргізілді. Осы істердің басы-қасында жүрген Эльмира Елеусізқызы кітап пен оқырмандардың жанашыры ғана емес, қарапайым халықтың да жоғын түгендеген депутат. Халық қалаулысының бүгінгі қоғамның түрлі мәселелеріне деген көзқарасын да сұрадық.
– «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасына арналған жылды облыстық кіт апхана қандай жетістіктермен қорытындылауда? Атаулы жыл нендей жетістікке қол жеткізуге мүмкіндік берді?
– Кітап оқу жобасы аясында жыл бойы атқарылған игі істердің қорытындысы сараланып, кітап пен оқуға деген сүйіспеншілігімізді тағы бір мәрте дәріптедік. Бұл жоба – әрбір тұрғынның рухани әлемін байытып, жастарды ізденіске, ойлау мәдениетіне баулыған, ой-өрісін кеңейткен, әдебиет әлеміне жол ашқан ерекше бастама. Өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыруды, оқырман мәдениетін қалыптастыруды, келешек ұрпақты дәстүрлі түрде кітап оқуға шақыруды мақсат еткен жоба көптеген игі істерге бастамашы болды. Әулиеата жері – ежелден-ақ ғұлама ғалымдар мен ойшылдардың мекені. Сол рухани дәстүрдің жалғасы іспетті игі істің басы-қасында қолдау көрсетіп жүрген облыс басшысына үлкен ризашылық білдіреміз. Жоба аясында жыл бойы «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн», «Кітапхана – мәдениет ордасы», «Ойыма ой қо сқан шығарма», «Book & Art», «Anime», «Кітап мұхитындағы аралдар», «Жастар – кітап әлемінде», «Кітап оқы, талқыла, суретте», «Өміріме әсер еткен бір кітап», «Отбасымызбен бірге оқимыз», «Жазғы демалыс кітаппен бірге», «Жүзден жүйрік» және тағы басқа іс-шаралар кешені өткізілді. Оқырмандарды кітап оқуға қызықтыру мақсатында «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» атты шығармашылық байқауы, кітапханалар арасында «Ел үшін туған ерлер», «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқаулары ұйымдастырылып, «Үздік автор», «Үздік оқырман» номинациялары бойынша үздіктер анықталды. Оқырман үшін мазмұндық тұрғыдан да, тәрбиелік жағынан да берері мол маңыздылығымен ерекшеленген жоба аясында облыс көлемінде 7 мыңнан аса іс-шаралар ұйымдастырылды. Мыңдаған оқырман мен жасөспірім кітап әлеміне жаңа қадам жасап, Әулиеата өңірінің рухани өмірі бұрынғыдан да жанданды. Атаулы жылдың жетістігі осы деп ойлаймын. Кітап – тек білімнің ғана емес, ұлттық болмыстың тірегі. Біз әр парақты ашқан сайын өз тарихымызды, рухымызды қайта танимыз. Сол себепті, «Кітап оқитын Әулиеата – ойлы, рухты Әулиеата!» деген ұран әрбіріміздің жүрегімізде жаңғыра береріне, кітапқа деген сүйіспеншілік мәңгілік боларына сенемін. Әрине, бұл жоба осы жылмен шектеліп қалмай, кітапқа деген оқырмандардың сүйіспеншілігі алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамын.
– Облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қандай бастамалары өміршеңдік танытты?
– 2025 жылы даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай іс-шаралар циклы ұйымдастырылды. Осы цикл аясында бүгінгі күнге дейін өңір бойынша 194 іс-шара өтіп, 6800 оқырман қатысты. Атап айтсақ, «Ерлігін ел жыр еткен аңыз адам Бауыржан...», «Отан қорғап, ел үмітін ақтағандар», «Ел мен ердің жеңісі», «Бауыржан мұрасы – ұрпаққа ұран», «Аңызға айналған алып тұлға», «Қазақтың батыр ұлы – Бауыржан», «Қазақтың маңдайына біткен батыр, қаламгер, арда азамат», «Бауыржантану» ғылыми орталығының қызметкерлерімен кездесу, «Қару мен қаламды қатар ұстаған қазақтың қаһарман батыры», «Жақсыдан қалған жәдігер», «Ұлтына ұран болған ер Бауыржан» әдеби променад, әдеби микс, ерлік сағаты, ой талқы, әдеби вернисаж, дөңгелек үстел, портрет кеші, танымдық кеш, ақпараттық шолу, әңгімешолу, портрет, әдеби кештер, таным сағаттары өтті. «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» көшпелі кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкерлері қала аумағындағы мекемелер мен оқу орындарына барып, Бауыржан Момышұлы туралы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген әдебиеттерді көпшілік назарына ұсынды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қалалық, аудандық кітапханалар жүйелерінің арасында «Ел үшін туған ерлер» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Облыс кітапханаларында «Жазушымен бір күн» жобасы аясында 148 іс-шара ұйымдастырылып, 3159 оқырман қамтылды. Жазушы Сансызбай Сарғасқаевтың 100 жылдығына орай «Балалар әдебиетінің жарық жұлдызы» еске алу кеші, белгілі балалар жазушысы Марат Құлибайұлының 50 жас мерейтойына орай «Ба ла лар жүрегіне жол тартқан» әдеби вернисаж, мемлекет және қоғам қайраткері Әлмұхан Әбдірахманұлы Исақтың туғанына 85 жыл толуына орай «Боямасыз болмыс» кітап желісімен еске алу кеші, ақын Шырын Мамасерікованың шығармашылығына арналған «Шуағы мол жырлар» жыр кеші, жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжанның 80 жас мерейтойына орай «Азамат. Қаламгер. Тұлға» көркем ой кеші, ақын Ақсұңқар Ақынбабақызының қатысуымен «Сезімнің сырлы әлемі» поэзия кеші, ақын, Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдық мерейтойына орай «Біз жалынбыз, өшпейтін мәңгі бақи» әдеби проспект, жазушы Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына «Ұлт тарихын көркем әдебиетте алғаш суреттеген қаламгер» атты конференция, фольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жүсіповтің қатысуымен «Сөз құдіретін ұлықтаған тұлға» дидарласу кеші, «Эпикалық жыршылық: жанды орындау және импровизация» кітабының тұсаукесері, ақын Әбу Сәрсенбаевтің 120 жылдығына арналған «Ақша бұлтқа айналған абыз ақын» әдеби журнал, ақын Кәрібай Ахметбекұлының туғанына 85 жыл толуына орай «Туған жер жыршысы» кітаппен сұхбат өтті. Дәстүрлі «Кітап – ұлттық құндылық» AULIEATA BOOK республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылып, облыс кітапханаларының ұйымдастыруымен 71 іс-шара, 4500- дей оқырман қамтылды. Фестиваль Ұлттық кітап күніне орай 16-17 сәуір күндері Достық үйінде өтті. Кітап фестиваліне 16 баспа, кітап дүкендері мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қайырбек Асановтың «Махаббат», «Шапағат», «Парасат» үш томдық жинағының, жергілікті ақындарымыз Мағауия Аманкелдиевтің «Өлеңдерім – өмірімнің айнасы», Дәмегүл Бақытжанованың «Сезім сыңғыры» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өткізілді. 23 сәуір күні Ұлттық кітап күніне орай «Әулиеата – кітап оқитын өңір» кітап оқу акциясы аясында «Ауыл береке» базарында, ашық аспан астында ерекше форматта «Кітап – ғасырлар мұрасы» көшпелі кітап керуені өтті. Жалпы облыс бойынша биыл 22 кітаптың, соның ішінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 8 кітаптың тұсаукесері өткізілді. Ерекше атауға тұрарлық жобамыз – Aulieata library – жергілікті авторлардың шығармалары бар мобильді кітапхана. Бұл – қаламгерлеріміздің еңбектерін, прозалық шығармалары мен жыр жинақтарын облыс жұртшылығына таныстыру, жастарды кітап оқуға баулу, оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Абай» баспасынан жарық көрген о сы жергілікті автор кітаптарының электронды нұсқаларына еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін арнайы бір платформада орнатылған және белгілі бір функционалдылыққа ие планшеттер мен смартфондарға арнайы әзірленген бағдарлама. Яғни «Aulieata library» («Әулиеата кітапханасы») мобильді қосымша атауымен еркін кітап оқу құралы ретінде биыл жыл басынан бері іске қосылды. Қосымшаны өзінің смартфонына жүктеп алған әрбір оқырман қосымшаны ашқан кезде басты беті ашылады. Басты бетінде қосымшаға енгізілген кітаптар орналасады. Бүгінгі күні 115 автордың 274 кітабының электронды нұсқалары аталған қосымшаға енгізілді. Google Play и App Store платформаларына мобильді қосымшаны жариялау жұмыстары жүргізіліп, кітапханалар жұмысында цифрландырылған ақпараттық орталықтандырудың жаңа үлгісі ретінде қолданысқа енді. Осы жобалардың бәрі де өзінің өміршеңдігін көрсетті. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 85 жылдық мерейтойына орай «Цифрлы қоғам және кітапхана» атты республикалық кітапханашылар конференциясы ұйымдастырылып, оған еліміздің 10 облысы мен 4 қаласынан 300-ден астам кітапханашы жиналды.
– Кітапхананың келер жылға жобалаған қандай жоспарлары бар?
– Әлгінде айтқанымыздай, кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ол білім, мәдениет және қоғамдық диалог орталығы. Осы бағытта кітапханаларда оқырман сұранысына сай түрлі инновациялық және әлеуметтік маңызы бар жобалар келер жылы да жалғасын табады. Кітапханалық жобалар қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге және мәдени құндылықтарды сақтауға бағытталған. Мұндай жобалар кітапхананы заманауи, ашық әрі тартымды қоғамдық кеңістікке айналдырады. «Жазушымен бір күн» кітапханалық жоба – оқырманды тікелей жазушымен жүздестіріп, шығармашылық әлемнің сырын сезінуге мүмкіндік беретін ерекше мәдени-ағартушылық жоба. Осы жоба аясында алдағы жылы ақын, жазушы, драматург, ұстаз Әбдібай Табылдиевтің 100 жылдығына арналған «Жырлайды жүрек» жыр-тағдыр кеші, жыршы Жамбыл Жабаевтың 185 жылдығына «Өлең сөздің даңғылы – бар қазақтың Жамбылы» атты жыр дода, ақын Серік Томановтың 70 жылдығына «Арылмас мұңым бар менің..» еске алу кеші, ақын Күләш Ахметованың 80 жасына «Поэзия жауһары» жыр сандық, композитор, өнер зерттеушісі, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановтың 90 жасына «Тербеледі тың дала» атты ғұмырнама, ақын, сазгер Рақым Тынышбайдың 80 жасына «Алтайдың ар жағынан келген ару» бір әннің тарихы, ақын Қуандық Шолақтың 85 жылдығына «Табиғаттың тамашасын жырға қосқан ақын» атты еске алу кеші, ақын Айша Көпжасарованың 85 жасына «Өлең – кие. Өлең – өре. Өлең – рух» әдеби буриме, жазушы Берік Шаханұлының 80 жылдығына «Ерттеп міндім асыл сөздің дүлділ атын» ойтолғам кеші, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің 100 жылдығына «Қайталанбас нар тұлға» атты дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар «Ел болып оқимыз» кітапханалық жобасы аясында Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жыршы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай іс-шаралар циклы жоспарланды. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелері арасында «Жыл маманы – 2026» байқауы ұйымдастырылады. «Цифрлық дәуірде кітапхана рөлі: Болашақ трендтер» облыстық форсайт сессия Шу аудандық орталық кітапханасы базасында өтеді деп көзделуде. Аудандар арасында «Жыр алыбы – Жамбыл» облыстық шығармашылық байқауын өткізу жоспарлануда.
– Кітапхана директоры ғана емес, депутатсыз, өзіңізге сенім артқан сайлаушыларыңыздың қандай мәселелерінің оң шешілуіне ықпал ете алдыңыз?
– Сайлаушылардың сенімінен шығу – әрбір депутаттың басты мақсаты. Сол үдеден шығу үшін халықтың әлеуметтік, мәдени және білім саласына қатысты бірқатар маңызды мәселелердің оң шешілуіне ықпал етуде барынша еңбектенудемін. Сайлаушылардың ұсынысы негізінде қалалық кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту, жаңа кітап қорымен толықтыру, оқырмандарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында тиісті мекемелермен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ халық тарапынан көтерілген әлеуметтік қолдау, мәдени қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері бойынша тиісті басқармалар мен уәкілетті органдарға депутаттық сауалдар жолдап, нәтиже сінде нақты оң шешімдер қабылданды. Жастар арасында кітап оқуды насихаттау, отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында кездесулер, танымдық жобалар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл баст ама лар с айлаушылар т арапынан кең қолдау т апты. Сайлаушылардың жеке қабылдауында көтерілген жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек, құқықтық кеңес алу секілді мәселелер бойынша тиісті мекемелермен байланыс орнатылып, көпшілігі заң аясында шешімін тапты. Депутат ретінде басты ұстанымым – халықтың үнін билікке жеткізу, нақты мәселелердің орындалуын бақылау және сайлаушылар сенімін нақты іспен ақтау.
– Бүгінгі қоғамда қызкеліншектердің көшбасшылық белсенділігі және ғылым, өнер, спорттағы нәзікжандылардың рөлі туралы көзқарасыңыз қандай?
– Бүгінгі қоғамда қыз-келіншектердің қоғамдық өмірге белсенді араласуы – уақыт талабы әрі тұрақты дамудың маңызды көрсеткіші. Әйелдердің көшбасшылық әлеуеті мемлекеттік басқару, білім, мәдениет, ғылым, бизнес және әлеуметтік салаларда айқын көрініс табуда. Қыз-келіншектердің көшбасшылық белсенділігі ең алдымен жауапкершілік, ұқыптылық, жанжақтылық және стратегиялық ойлау қабілетімен ерекшеленеді. Қоғамдық кеңестерде, мәслихаттарда, азаматтық бастамаларда әйелдердің үлесі артып, шешім қабылдау процесінде олардың дауысы елеулі факторға айналып келеді. Бұл – гендерлік теңдіктің нақты нәтижесі. Ғылымда нәзікжандылар зерттеуші, жаңашыл, жас ғалым ретінде үлкен жетістіктерге жетуде. Әсіресе медицина, биотехнология, педагогика, экология, ақпараттық технология салаларында әйел ғалымдардың үлесі өсіп келеді. Олардың табандылығы мен жүйелі еңбегі ғылыми дамуға тың серпін беруде. Өнер саласында қызкеліншектер ұлттық құндылықтарды сақтаушы әрі жаңғыртушы рөлін атқарады. Әдебиет, театр, кино, музыка, бейнелеу өнерінде әйел тұлғалардың шығармашылығы қоғамның рухани дамуына зор ықпал етуде. Өнер арқылы олар ұлттық болмысты, ана тілі мен мәдениетті насихаттап келеді. Спортта да нәзікжандылар еліміздің абыройын халықаралық ареналарда қорғап жүр. Олимпиадалық спорт түрлері мен ұлттық спортта әйел спортшылардың жеңістері жас буынға үлгі болып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етуде. Бұл – табандылық пен рух күшінің айқын дәлелі. Қызкеліншектердің белсенділігі қоғамдағы әлеуметтік әділдікке, инклюзивті дамуға және ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етеді. Әйелдердің мүмкіндігін кеңейту – тек бір топтың емес, тұтас қоғамның дамуына қызмет етеді. Бүгінгі қоғамда қыз-келіншектер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші, ғылымның жаңашылы, өнердің шырақшысы және спорттағы намыс қорғаушысы ретінде маңызды рөл атқарып отыр.
– Мақсатқа жетудегі сәттілік негізі неде деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, мақсатқа жетудегі сәттіліктің негізі – айқын көзделген мұрат, табандылық және үздіксіз еңбек. Арман мен ниет нақты мақсатқа айналғанда ғана адам өз мүмкіндігін толық пайдалана алады. Адам неге қол жеткізгісі келетінін анық білмейінше, нәтижеге жету қиын. Мақс ат шынайы, өлшенетін және уақытпен белгіленген болуы керек. Нақты жоспар – сәттіліктің алғашқы қадамы. Сәттілік көбіне кездейсоқтық емес, маңдай тердің жемісі. Үздіксіз еңбек, өз ісіне адалдық пен жауапкершілік кез келген бастаманы нәтижеге жеткізеді. Қиындыққа мойымай, бастаған істі соңына дейін жеткізу – басты қасиет. Жолда кедергілер мен сәтсіздіктер кездеседі. Сол сәтте берілмей, қателіктен сабақ алып, алға ұмтыла білу – нағыз жеңістің кепілі. Табандылық – мақсат пен нәтиженің арасындағы көпір. Өзін-өзі жетілдіру, білім мен тәжірибені арттыру, жаңаға ашық болу адамды алға жетелейді. Уақыт талабына сай бейімделе алған жан ғана бәсекеге қабілетті болады. Отбасының, ұжымның, қоғамның қолдауы, сондай-ақ өз-өзіне деген сенім адамға күш береді. Сенім бар жерде үміт, үміт бар жерде нәтиже болады. Мақсатқа жетудегі сәттіліктің негізі – жүйелі еңбек, табандылық, білімге ұмтылу және өзіне деген сенімнің үйлесімі. Осылар біріккенде ғана адам биік белестерді бағындыра алады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА