Кәсіпкерлердің құқығы қорғалуда
Еңбектеніп, адал табыспен отбасын асыраумен қатар, мемлекетке салық төлеп, ортақ қазынаға үлес қосатын кәсіпкерлердің құқығын қорғауда Кәсіпкерлер палатасы ауқымды жұмыс атқарып келеді. Мәселен, облыстық кәсіпкерлер палатасына биылғы 11 айда бизнесті қорғау бағыты бойынша 78 өтініш түскен. Оның 10-ы оң шешімін тапқан. Өткен жылмен салыстырғанда өтініштер 53-ке артқан. Яғни, бұл палатаға деген сенім күшейгенін көрсетеді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтайдың айтуынша, кәсіпкерлер тап болған мәселелердің жүйелі сипаты прокуратура органдарымен тығыз байланыста өзара іс-қимыл арқылы нәтижелі шешілуде.
Палатаның прокуратурамен бірлескен жұмысының арқасында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табиғатқа эмиссия салығының артық төленген сомасын 1,9 миллиард теңгеге қайтаруға жәрдем көрсетілген. «КнауфТараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі неміс-қазақстандық инвесторының жер алу құқықтары қорғалған. Сондай-ақ «KORCEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Qazaq Soda» ҚБ-ға құрылысқа экологиялық рұқсат алуға көмек көрсетілген.
Палата жанынан 7 тұрақты жұмыс істейтін салалық кеңестер жұмыс істейтінін де айта кетелік. Олар 109 мыңнан астам бизнес субъектілерінің мүдделерін қамтитын 500- ден астам мүшені біріктіреді. Кеңестер жыл басынан бері 52 отырыс өткізіп, 130-дан астам мәселені қарап, оның 53-нің толықтай шешілуіне қол жеткізген.
Қамар ҚАРАСАЕВА