Бүгін – Бауыржан Момышұлының туған күні
Бүгін, 24 желтоқсан – даңқты батыр, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған күні.
Осы ретте бүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған бірқатар сала басшылары, құзырлы орган, зиялы қауым өкілдері және белсенді жастар мен қала тұрғындары «Жеңіс» саябағына жиналды. Заңғар тұлғаның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт батырының рухына тағзым етті.
Айта кетейік, қайраткер - қаламгердің 115 жылдық мерейтойына орай өңірде ауқымды іс-шаралар легі ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Таразда «Бауыржан Момышұлы» музейі ашылған болатын. «Даңқ залы» кешені аумағында орналасқан тарихи нысанда Бауыржан Момышұлының шежіресімен танысуға бар жағдай жасалған. Көрмеге Баукең өмірінің әр кезеңіндегі деректер – балалық шағы, әскери өмірі, отбасы, жеке заттары, құжаттары қойылған. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының полковник шеніндегі шинелі, батырдың өзі салған карта, «Ұшқан ұя» және «Артымызда Мәскеу» шығармаларын жазған қалам мен сия сауыты да музейдің төрінен табылған.