Тоқаев Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік Эрмитажға барды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның бейресми саммитіне қатысу үшін Санкт-Петербургке келген өзге де мемлекеттер басшыларымен бірге Эрмитажды аралап көрді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz Ақордаға сілтеме жасап
Президенттер Александр, XVIII ғасырдағы Франция өнері залдарында орналасқан танымал көрмелерді тамашалады. Әсіресе, «Алтын көмбе» бірегей коллекциясындағы бағалы металдардан құйылған археологиялық жәдігерлер, тарихи Пикет және Герб залдарының интерьері ерекше қызығушылық тудырды. Меймандар бай қоры арқылы дүние жүзіне мәшһүр музейдің басқа да экспозицияларымен танысты.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысты.
Кездесуге Қазақстан Президентімен бірге Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақ жұмысының келесі жылы атқаратын негізгі міндеттері мен бағыттары талқыланды.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар ЕАЭО-ның қазіргі қызметіне байланысты бірқатар мәселе жөнінде пікір алмасты.
