Қоғам

Ветеринариялық қауіпсіздік – өңір тұрақтылығының кепілі

Ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – қоғам денсаулығы мен ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмысты жүзеге асырып отырған негізгі мемлекеттік орган – «Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Басқарма облыс аумағында ветеринария саласына басшылық жасап, жұқпалы аурулардың алдын алу, ауыл шаруашылығы жануарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ветеринариялық іс-шараларды үйлестіру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Қазіргі таңда басқарма құрылымында 5 бөлім жұмыс істейді. Оның ішінде үш негізгі салалық бөлім – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бөлімі, эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру бөлімі және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімі өңір аумағындағы күнделікті ветеринариялық қызметтің негізгі жүгін арқалап отыр.

Бұл бөлімдер арқылы алдын алу жұмыстары, мониторинг, жануарларды есепке алу және бақылау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Басқарманың құқықтық жұмыстары да ерекше назарда. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап басқарманың нормативтік-құқықтық актілерін заңдылық тұрғысынан сүйемелдеу ісін Мират Исаков атқарып келеді.

Білікті әрі тәжірибелі заңгер ретінде ол басқармадағы барлық құжаттардың талапқа сай ресімделуін қамтамасыз етіп, құқықтық тәртіптің сақталуына тікелей жауапты. Қазіргі таңда басқармада дайындалатын барлық құжаттар қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес реттеліп отырады. Жақында Мират Нұрғалиұлы «Халық заңгері» республикалық акциясы аясында облыс тұрғындарына тегін құқықтық кеңес беріп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға өз үлесін қосты.

Аталған акция барысында тұрғындар өздерін толғандырған жер, еңбек, әлеуметтік және басқа да құқықтық мәселелер бойынша нақты жауаптар алды. Сонымен қатар Мират Нұрғалиұлы құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орната отырып, басқарманың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде. Ол басқармадағы бірқатар құқықтық ақпараттық жүйелермен жұмыс істеп, құқықтық деректердің уақытылы жаңартылуы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Ұжым қызметкерлерімен әкімшілік және құқықтық ақпараттар бойынша тұрақты түрде ақпарат алмасып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Басқармадағы әдеп мәселелерін қадағалау да оның тұрақты бақылауында. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауына бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, ұжымда ашықтық пен жауапкершілік қағидаттары қалыптасқан. Жалпы, облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы бүгінде өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, халықтың әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқаруда. Ал бұл бағыттағы құқықтық сүйемелдеу ісінің сапалы жүргізілуі басқарманың қызметін одан әрі тиімді етуге мүмкіндік беруде.

 

Санат НАСУРЛАЕВ

облыс әкімдігі ветеринария басқармасының әкімшілік, ұйымдастыру және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.