Әлеумет

Бақытын бейнеттен тапқан

Облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы б Қазақ қоғамында елдің игілігі жолында қалтқысыз қызмет етіп, бір саланың тұтас тарихына айналған тұлғалар көп. Сондай азаматтардың бірі – Қордай өңірінің ғана емес, тұтас Жамбыл облысының ветеринария саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті басшы, тәжірибелі маман, ұлағатты ұстаз Бақыт Байқонысұлы Байтөле.

Қазақ қоғамында елдің игілігі жолында қалтқысыз қызмет етіп, бір саланың тұтас тарихына айналған тұлғалар көп. Сондай азаматтардың бірі – Қордай өңірінің ғана емес, тұтас Жамбыл облысының ветеринария саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті басшы, тәжірибелі маман, ұлағатты ұстаз Бақыт Байқонысұлы Байтөле.

Бақыт Байқонысұлы 1950 жылы 9 желтоқсанда Қордай ауданы, Отар ауылында дүниеге келді. Балалық шағы еңбекпен біте қайнасып, ауыл тіршілігінің қайнаған ортасында өтті. Ерте жастан мал шаруашылығының қыр-сырын көріп өскен оның болашақ мамандығы да осы салаға арналуы заңдылық еді. Алдымен 1969 жылы Қордай ауданындағы Красногор совхоз-техникумын, кейін 1978 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын үздік белгімен тәмамдап, кәсіби мал дәрігері мамандығын иеленді.

Бұл – сол кезең үшін зор жетістік әрі үлкен жауапкершілік болатын. Еңбек жолын 1969 жылы Ауыл шаруашылығы ғылымизерттеу институтында ветфельдшер болып бастаған ол, 1970-1972 жылдары Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келді. Әскерден кейін де туған жеріне, таңдаған саласына адал қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырды. 1978 жылдан бастап сол кездегі Красногор аудандық малдәрігерлік стансасында мамандығы бойынша қызмет атқарып, небәрі екі жылдан соң, яғни 1980 жылы аудандық ветеринариялық лабораторияның директоры болып тағайындалды. Бұл – жас маманға көрсетілген зор сенім еді.

1985 жылы Бақыт Байқонысұлы Красногор аудандық партия комитетіне инструктор болып шақырылып, 1986 жылы Киров атындағы колхоздың партия хатшысы қызметіне ауыстырылды. Бұл қызметті ол 1995 жылға дейін абыроймен атқарып, ел шаруашылығын басқару ісінде мол тәжірибе жинақтады. Тәуелсіздік жылдарындағы өтпелі кезеңдерде де ол елмен бірге еңсесін тіктеп, ауыртпалықты қатар көтерді. Әсіресе 2009-2015 жылдар аралығында «Ветқызмет» мекемесін басқарған кезең аудан ветеринариясының жаңа деңгейге көтерілген дәуірі болды. Осы жылдары ауданда 9 ветеринариялық пункт, аудан орталығында заманауи «Ветеринария орталығы» салынды. Бұл нысандар бүгінгі күні халыққа сапалы қызмет көрсетіп, жұқпалы аурулардың алдын алуға, мал өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келеді.

Бақыт Байтөле – Кеңес Одағы тұсындағы да, Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі де ветеринария саласының бар ауыртпалығын өз көзімен көріп, иығымен көтерген тұлға. Кеңес дәуірінде тәртіп қатал, талап жоғары болды, бірақ техника мен мүмкіндік шектеулі еді. Ал қазіргі уақытта заманауи технология бар, алайда бәсекелестік күшейіп, жауапкершілік еселенді. Осы екі түрлі жүйенің ортасында жүрген Бақыт аға тәртіп пен талапты жоғалтпай, жаңашылдыққа бейімделе отырып, саланы заман талабына сай дамытуға еңбек сіңірді. Ол «ветеринария – тек малдың ғана емес, халық денсаулығының қауіпсіздігі» екенін әрдайым айтып, осы қағиданы өмірлік ұстаным етті. Білікті маманның саладағы ұзақ жылғы адал еңбегі еленіп, 2014 жылы «Сала көшбасшысы» медалімен, 2015-2016 жылдары «Экономика мақтанышы» ордендерімен және басқа да мемлекеттік медальдармен марапатталды.

Бұл атақтардың әрқайсысының артында тынымсыз еңбек, табандылық, адалдық пен елге деген жанашырлық жатыр. Бақыт Байқонысұлы – басшылық қызметте жүріп, қарапайымдылығын жоғалтпаған, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсеткен, ұжыммен тіл табыса білген нағыз халықтық тұлға. Оның тәрбиесін көрген талай жас маман бүгінде облыс пен республиканың түрлі деңгейіндегі мекемелерде абыройлы қызмет атқарып жүр. Бүгінде сексенге таяған жасында да Бақыт Байқонысұлы елдің амандығын, саланың болашағын ойлап, ақыл-кеңесін айтып, жастарға бағыт-бағдар беріп келеді.

 

Олжас КӨКЕЙ

облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары