Күйіктің асуынан ауыл жаққа қарап тұрып еді
Батыр Баукеңді ең алғаш рет бала күнімде көрдім. Ауылға «Волга» көлігімен келді. Ойын балалары батырға сәлем беруге барамыз. Көлігінің арты ойыншықтарға толы болатын. Бәріміз батыр атаның қолын алып амандасқан соң, біздерге алып келген ойыншықтарын тарата бастайды. Ойын баласына керегі сол, қатты қуанатынбыз. Менің басымнан сипап тұрып «Әкең қайда?» деп сұрайды. «Үйде ғой» деп жауап беремін. «Жөн, айналайын» деп басымнан тағы сипайды. Біз одан әрі қарай бөгелмей ойнап кететінбіз.
Батырдың әкемді сұрауы бекер емес екенін кейінірек, жоғары сыныпқа барған кездерде білдім. Біздің асқар тауымыз Әбдірәсіл Есенбаев та – майдангер. Сондықтан болар, Бауыржан ол кісіге ерекше іш тартатын. Екеуі ағайын, ауылдастықтан бөлек дос болды. Әкеме араб әріпімен (төте жазу шығар) хат жазып тұрады. Ауылдың хабарын да әкемнен сұрап тұрды. Батыр келген сәт біздің ауыл үшін – той сияқты еді. Ауылдың бүкіл атқамінерлері, кеңшар директоры, партия комитетінің хатшысы Бауыржан Момышұлының қасынан шықпайды.
Батырдың құрметіне бір семіз қойды сойдырып тастайды. Ол уақытта Орақ-Балға деген жерде тұрғанбыз. Кейінірек Көлбастауға көштік. Дәрігерлер әкеме денсаулығыңызға байланысты климат ауыстырыңыз депті. Содан Түркістан облысының Шаян деген жеріне ауысып, егістікке күзетші болып жұмыс істеген. Тәп-тәуір істеп жүрген мұғалімдік жұмысынан шығып кеткен. Кейінірек барған жағындағы кеңшар басшылары ақылдасып, мал фермасына шаруашылық меңгерушісі етіп тағайындайды. Солай жүргенде әкем Ұлы Отан соғысына шақырылып, қару асынып майданға кетеді. Анамыз Жамбыл ауданына көшіп, төркін жағын паналайды.
Соғыс жүріп жатыр, жан алысқан заман ғой. Алтынбек деген нағашым біздерге қарасып тұрған. Арада ұзақ жылдар өтті. Әкем майданнан аман оралып, мұғалім болып жұмысын қайта жалғастырған. Өмірге ұрпақтары, біздер келдік. Мен мектеп бітіретін жылы әкем екеуміз жылқының еті, қазысын алып, Алматыға Бауыржан Момышұлының үйіне келдік. Бірақ, батырды үйінен таппадық, шипажайда емделіп жатыр екен. Содан әкем батырдың баласы Бақытжанның үйіне барды. Бақытжан Бауыржанұлы маған біраз көмектесті. Алматы ауыл шаруашылығы институтына құжаттарымды бірге тапсырдық. Бірақ, мен математика пәнінен «3» деген баға алып қалып, оқуға түсе алмадым. Бақытжан аға маған: «Ауылда не істейсің, Алматыда қал. Мұнда жұмысқа тұру оңай. Келесі жылы бағыңды тағы сынайсың» деп кеңес берді. Сөйтіп жүргенімізде Бауыржан Момышұлы шипажайдан келді.
Ауылдың амандығын сұрап жатыр. Интитутқа түсе алмағанымды естіді. Сол кезде батыр: «Сен енді ауылыңа қайт. Мұнда жүре берме. Келесі жылы жақсы дайындалып кел» деп, пойызға билетті өзі қадағалап алып беріп, ауылға қайтарды. Бауыржан батырдың қарапайымдылығынан бір мысал келтірейін. Әкемнің әкесі Әбдірәлі де соғыста аяғынан жараланып келген кісі. Ұзақ жүре алмайды. Сол кісіге мемлекет тарапынан «Запорожец» машинасы берілген. Ескірсе 4 жылда бір жаңалап тұрады. Аталған «Запорожец» машинасын кейде мен де жүргізе беретінмін. Содан басымды құрап, шаңырақ көтердім. Ауылда дүрілдеп той өтетін болды. Сол тойға Бауыржан Момышұлы келді. Әкемнің жұмсауымен «Запорожец» машинасымен батырды пойыздан күтіп алдым. Той үстінде батыр Бауыржан батасын берді.
Тойдан соңда батыр бір апта ауылда қонақ болды. Күн сайын газет-журналдың жаңа нөмірлерін, шай, темекісін тасып тұрдым. Батыр әкем екеуі ұзақ әңгімелесіп отыратын. Екі майдангердің сөзі жарасатын. Батырдың қайтатын уақыты болды. Әкем қадірлі қонағының бар шаруасын шешіп, көңіліне қарап жүгіріп жүр. Маған да тапсырма берді. Сол кезде «Запорожец» машинасымен батырды Тараз қаласына дейін (ол кезде Жамбыл) апарған едім. Күйіктің биігіне шыққанда Бауыржан Момышұлы көлікті тоқтатып, далаға шықты. Күйік асуының ең биігінен туған ауылына көз тастады. Орақ-Балға қонысына ұзақ қарады.
Шың басынан Боранды көрінеді. Көлтоғанды да көзі шалатын шығар. Әйтеуір, ауыл жаққа ұзақұзақ қарап тұрғаны бар. Бұл бәлкім Бауыржан батырдың Жуалыға соңғы сапарларының бірі болған шығар. Соны батырдың жүрегі сезді ме, Күйіктің асуында біраз толғанып тұрып еді. Одан бері талай уақыт өтті. Бауыржан батырдың 90,100 жылдығын барша ел болып дүркіретіп тойладық. Менің батырды көлікпен Тараз қаласына жеткізгенім де тарихтың парағы болып қалды. Сол кезде еш ағайын, туысты әуре қылмай «Тараз» қонақ үйінен жұбайы екеуіне орын алғаны бар. Сосын барып жиені Мартай Аюбаевтың үйіне сәлем беруге барды.
Мартайдың анасы – Бауыржанның «Музей апа» деп атап кеткен әпкесі. Қазіргі таңда мен сол Жуалы топырағында, Көлбастау ауылында тұрып жатырмын. Жас күнімізде батыр Бауыржан Момышұлын көріп қалғанымызға, қызмет жасағаныма шүкірлік етемін. Сол кезде батырдың қарапайымдылығына тәнті болдым. Атағы жер жарған батыр кішкентай «Запорожец» машинасымен Тараз қаласына жетті. Батыр берген батамен көгеріп, өсіп өндік. Атамыз Бауыржан Момышұлының даңқы әрқашан арта береріне сенемін.
Нағызбек ЕСЕНБАЕВ
Зейнеткер
Жуалы ауданы