Биылғы жыл берекелі болды
Тараз қаласындағы орталық алаңда «Дала еңбегі – ел ырысы» атты ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні аталып өтті. Оған агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлес қосқан ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, агроқұрылым өкілдері шаруа қожалық жетекшілері, еңбек адамдары мен сала мамандары қатысты. Салтанатты іс-шараны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, ауыл шаруашылығы саласы мамандарын айтулы мерекемен құттықтады.
Облыс әкімі сала мамандарына көлік кілттерін табыс етті
Алдымен аймақ басшысы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта Үкімет жетекшісі өңір диқандарын айтулы мерекемен құттықтап, қажырлы еңбектерін атап өтіпті.
Бұдан әрі облыс әкімі ауыл шаруашылығы қызметкерлерін шын жүректен құттықтап, саланың даму көрсеткішіне тоқталды.
Сондай-ақ облыс әкімі сөзінде облыс аумағында ауыл шаруашылығы өндірісі бағытында іске асып жатқан ірі жобаларға тоқталып өтті. Ербол Шырақпайұлының айтуынша, Шу ауданында жүгеріні терең өңдеу зауыты салынуда. Аталған өндіріс орны Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың бірі болмақ, толық қуатында жұмыс істеген кезде жыл сайын 3 миллион тоннаға дейін жүгері өңделіп, 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ал Байзақ ауданында елімізде Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы заманауи қант зауытының құрылысы басталып отыр.
Зауыт жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, шамамен 120 мың тонна қант, сондай-ақ меласса және жом сияқты қо салқы өнімдер өндіретін болады, 350-ден аса жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Аталған бағыттағы жобалар агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, өнім өндірушілерге қолайлы әрі тиімді жағдай туғызатыны сөзсіз.
Осыдан кейін салтанатты іс-шара марапаттауға ұласты. Облыс әкімі алдымен облысымыздың агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үле с қосқан ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбеккерлері мен мамандарына мемлекеттік – «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Құрмет» және «ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерін, «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» медалі мен Премьер-министрдің Алғыс хатын және басқа да марапаттарды салтанатты жағдайда тапсырды.
Осыдан кейін салтанатты жиынның маңызды кезеңі басталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының материалдықтехникалық базаны нығайту мақсатында ветеринария және орман шаруашылығы қызметкерлеріне арнайы «Нива» автокөліктері табысталды. Яғни әр ауданға 5 «Нива» автокөлігі берілді.
Бұдан бөлек, орман шаруашылығы қызметкерлеріне 9 «Газель», 4 «Тойота Хайлюкс», 16 «JAC» кіші өрт сөндіру автокөлігі, 16 мотоцикл, 16 пилотсыз ұшу аппараттары табысталды. Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ