Саясат

Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында Петербургтегі дәстүрлі кездесу жылды қортындылап, алдағы күнге жоспар құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Президент биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейлі жыл болғанын еске салды. Ұйым дамудың екінші онжылдығына батыл қадам басты. Осы кезең ішінде өзара сауда-cаттық тұрақты түрде өсіп, ірі инфрақұрылым жобалары табысты жүзеге асты және өнеркәсіп кооперациясының аясы кеңейе түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан, ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық даму қарқыны бәсеңдемегеніне тоқталды.

– Биыл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жиынтық ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ. Алдағы екі жылда ІЖӨ өсімі тұрақты болады деп болжанып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері ұйым елдерінің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанға келген инвестиция жеті еседей өсті (2015 жылы 600 миллион доллар, 2024 жылы – 4 миллиард доллар). Өнеркәсіп өнімі 29 пайыз артып, 1,5 триллион долларды құрады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударып, интеграциялық бірлестікті дамытудың басым бағыттарын айқындады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО әлемдегі маңызды көлік-логистика торабы бола алады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Каспий жағалауындағы теңіз инфрақұрылымы арқылы ынтымақтастықтың тың мүмкіндіктеріне жол ашылатынын жеткізді. Президенттің айтуынша, Каспий теңізіндегі негізгі порттарда орналасқан заманауи контейнер хабтары ұдайы ұлғайып келе жатқан жүк тасымалына қызмет көрсете алады. Бұл ретте ол ұйымға мүше елдердің транзит әлеуетін нығайтуға серпін беретін Кеме қатынасы туралы келісімнің күшіне енуін жеделдетуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемде сұранысқа ие, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағдарланған жаңа өндіріс орындарын дамытуға баса мән берген жөн.

Мемлекет басшысы өзара сауда-саттықтағы әкімшілік кедергілерді толықтай жоятын уақыт келгенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуді белсенді қолға алған дұрыс деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттер алдында салмақты шешім мен үйлесімді әрекетті талап ететін күрделі міндеттер тұрғанына назар аударды.

Президент келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ету миссиясы Қазақстан Республикасына өтетінін еске салды. Мемлекет басшысы еліміз жаңа табысқа қол жеткізіп, бірлестік елдерінің игілігін еселеу үшін нәтижелі жұмыс жүргізуге ниетті екенін жеткізді. Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 28-29 мамырда Астанада өтетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым төрағасы міндетін табысты атқарғаны үшін Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкоға алғыс айтты.

Сонымен қатар саммитке Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Индонезияның, Иранның және Кубаның өкілдері қатысты.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.