Әлеумет

Тәуелсіздік – тарих тағылымы

Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектепгимназиясында еліміздің Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – тарих тағылымы» тақырыбында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Бұл күн еліміздің ең қастерлі, мағынасы терең мерекелерінің бірі екенін әрбір оқушы өзінің өнерімен, сөйлеу мәнерімен жеткізді. Іс-шара Мемлекеттік Әнұранмен басталып, еліміздің Туына құрмет көрсетілді.

Қастерлі мерекемен құттықтаған мектеп-гимназия директоры Қиял Абитова егемен ел болудың маңызын, халқымыздың Тәуелсіздік жолындағы күресін ерекше атап өтті.

Мерекелік іс-шараға 8-9 сынып оқушылары белсенді қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Олар Тәуелсіздікке арналған патриоттық әндер шырқап, жүрек тебірентер өлеңдер оқыды. Сонымен қатар Желтоқсан оқиғасына арналған сахналық көрініс көрсетіліп, сол бір тарихи сәттің әс ері жүректерде қайта жаңғырды. Ұлттық би, көркемсөз оқу, домбырамен күй тарту сынды өнерлері көрерменнің көңілінен шықты.

«Тәуелсіз ел – тұғырым» атты шығармашылық көрмеге оқушылардың суреттері мен эсселері қойылды. Бұл іс-шара жас ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін ұялатты. Керімбай атындағы №12 мектеп гимназиясының ұжымы Тәуелсіздіктің қадірін терең ұғындырып, өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуді мақсат етті.

 

Қарлығаш ҚАПАРОВА

Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Тараз қаласы