Мәдениет

Жүрегімен жыр жазып, жігерімен жарқылдаған

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен облыстық айтыскер ақындар, жыршытермешілер орталығының ұйымдастыруымен жас қаламгер Санжар Қанатбектің «Жарық дүние» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жас қаламгердің шығармашылық әлемін кең аудиторияға танытып, оның поэзия арқылы жеткізген рухани құндылықтары мен парапауэрлифтинг чемпионы ретіндегі жігерлі тұлғасын көрерменге кеңінен насихаттауды мақсат еткен әдеби сазды кеште аталған кітаптың брайль әріпіндегі нұсқасы және аудиотаспасы да таныстырылды.

Бұл жаңа жинаққа алғы сөз жазған ақын, Қазақстан Жазушалар одағы облыстық филиалының өкілі, облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман Санжардың өлеңдеріндегі ерекшелікке тоқталды.

Автордың «Қиын екен» өлеңіне ән жазған композитор, әнші Айнаш Бейсен жаңа туындыны орындап, көпшілік алдында жаңа әннің де тұсауы кесілді. Санжар–жүрегімен жыр жазып қана қоймай, жігерімен жарқылдап, талай елде намысты қорғаған спортшы. Парапауэрлифтинг саласындағы жетістіктері – оның қайсарлығы мен еңбегінің жемісі. Ол – Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатының алтын медаль иегері, Египеттің Александрия қаласындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Таразда ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатының күміс, Астанада өткен Әлем чемпионатының күміс медалін иеленіп, ел абыройын асқақтатқан чемпион.

Осындай биік белестерге бастайтын жолда, бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен жаттықтырушысы Руслан Греев Санжардың спорттағы белсенділігі туралы пікір білдірді. Ал әпкесі Назерке Қанатбекова бауырының бала күннен өлеңге деген құмарлығы болғанын, Қазақ радиосынан ақынжазушылардың сұхбаттарын тыңдап, соларға еліктеп радиодағыдай бір-бірімен сұхбаттасқан қызықты сәттерін еске алып, балалығынан сыр шертті.

Кеш барысында «Ақберен» үйірмесінің жас өнерпаздары Мерей Жамалбек, Айша Сұлтанхан, Нұрай Есмамбетова жас ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, көкейлеріндегі сұрақтарын да қойды. Әдеби кешке қатысушылар да жас қаламгердің шығармашылығына, спортқа деген қызығушылығына, жетістікке жету жолындағы еңбектеріне қатысты сұрақтарын қойып, ашық пікірлесті.

Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының шәкірттері Әсел Мұратқызы мен Даниал Сұлтанхан терме орындап, көптің көкейіне ұшқыр ой салды. Кітаптың брайль қаріпіндегі нұсқасын дайындаған Ербол Бегимов Санжарға шығармашылық табыс тілеп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың Алғыс хатын басқарманың маманы Жадыра Құттыбаева табыстады. Ал дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Нұржан Жолдасбеков Санжардың спорттағы жетістіктерін айта келіп, кеш иесін құттықтау хатымен марапаттады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА