«Мен соғысқа картоп тазалау үшін емес, жауды жоюға келдім...»
Қазақ халқының мақтанышы, батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына биыл 100 жыл толды. Ол Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, сол кездегі Көксай калхозының Бұлақ ауылында Нұрмұханбет Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында 1925 жылы 15 маусымда дүниеге келді. Кей жинақ, мақалаларда туған күні 25 қазан деп жазылған. Балалық шағында Әлияны анасы «Ақ моншағым» деп атаған екен. Маржан анасы күзгі егістікке әйелдермен масақ теріп жүргенде күзетшінің мылтық оғынан қаза табады. Әкесі сол кездегі ауыр жағдайда қызын нағашыларының тәрбиесіне беруге мәжбүр болады. Әлияға нағашы ағасы Әбубәкір өзінің тегін беріп, қамқорлығына алады. Жастайынан бірбеткей, өжет, сонымен қатар ұстамды болған Әлияның балалық шағы өзімен қатарлас туысы Сапурамен бірге өтті.
Әбубәкір Молдағұлов білікті маман ретінде әскери теміржол саласында жұмыс атқарды. Қызмет ету барысында Алматы қаласында еңбек етті. Уақыт жүре Әулие ата, қазіргі Тараз қаласында Түркістан–Сібір теміржолына қарасты 3-ші пайдалану мекемесінің саяси бөлімінде нұсқаушы қызметін атқарады. Сол кезде Әлия теміржол бекеті маңындағы мектепте оқыды. Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңде соғылған мектептер бүгінгі уақытта Таразда сақталмаған. Ал Батыр қыздың ескерткіші қаладағы №11 мектептің ауласына 2006 жылы орнатылады. Ескерткіштің авторы архитектор Серік Ережепұлы Алибаев, скульпторы К.Темірхан.
1935 жылы Әбубәкір Молдағұлов Мәскеу қаласындағы әскери-көлік Академиясына оқуға түсіп, Кеңес Одағының бас қаласына отбасымен көшеді. Әлия мен Сапура екеуі Академия тыңдаушыларының балаларына арналған №35 мектепте оқиды. Әскери-көлік Академиясы 1938 жылы Ленинградқа (Санкт Петербургқа) көшірілгеннен соң, Әбубәкірдің отбасы осы қаладағы Смольный ауданының Слуцкая көшесінде пәтер жалдап тұрады. Әлия мектеп-интернатқа қабылданады. Әлияның Ленинград қаласындағы №140 мектептегі алғашқы мұғалімі Мария Антоновна Голубеваның айтуынша 4-ші сыныптан Әлия мен Нина Быстрова есімді қыз екеуі дос болып, бір партада отырады. Әлия ерекше ұстамды, зерек, аса тәртіпті бала болыпты.
Бұл тарапта тек өзіне ғана емес, барлық сыныптастарына деген қатаңдығынан ер балалардан таяқ та жеп жүрген екен. Өзі өте жақсы оқыса да оған орыс тілін үйрену, әсіресе, диктант жазу оңайға түспеген. Ауылда өскен қазақ қызы Әлияға Мәскеу, Ленинград қалаларының орыс мектептерінде оқу оңайға соқпайды. Тек өзінің өжет мінезі мен білім алуға деген ынтасының арқасында сыныптағы үздік оқушылардың қатарынан көрінеді. Белсенділігімен танылады. Алғыр қыз әр сыныпты Мақтау грамоталарымен аяқтайды. Мектеп басшылығының шешімімен Әлия Кеңес Одағы бойынша Қара теңіз жағалауы, Қырымдағы әйгілі бүкілодақтық «Артек» пионерлер лагерінде демалады. Ол кезде аталған лагерьге жолдама тек үздік, өнегелі оқушыларға берілетін. Қазақ жерінде туып өскен, бір өзі өзге ұлт балаларының арасында озат оқып, сондай құрметке бөленуінің өзі Әлияның қаншалықты қайсар, жігерлі қыз болғанын дәлелдейді. 1941 жылдың мамыр айында Әбубәкір Молдағұлов Академиядағы оқуын бітіріп, Ташкент қаласына, Орта Азия әскери округіне қызметке жіберіледі.
Көп ұзамай ол жаққа да отбасын көшіріп алады. Ал Әлия №46 балалар үйінде оқуын жалғастырады. Кейінірек Әбубәкір іссапармен келгенде, балалар үйінің Ярославль облысына көшіріліп, Әлия алдымен авиациялық техникумда оқып, одан соң арнайы қыздардың атқыш-снайперлер мектебіне оқуға түскені туралы біледі. 1941 жылдың жазында Әлия болған балалар үйі Ленинград қаласына жақын Сиверская стансасының маңында орналастырылады. 21 маусым күні ұшқыштармен кездесу болып, олар балаларды ертеңгі күні аэродромға саяхатқа келулеріне шақырады. Бірақ, 1941 жылдың 22 маусымы күні таңертеңгі сағат 4-те неміс басқыншылары Кеңес Одағына шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Соғыстың басталғаны туралы хабар балалар үйіне де сол күні түске жақын жетеді.
Әлия 1941 жылдың қараша айында комсомолдар қатарына қабылданды. Ленинград қаласы блокадалық қоршауда болғандықтан, балалар үйі Ярославль облысы, Некрасов ауданы, Вятское селосына көшіріледі. Онда 7 сыныпты бітірген Әлия Рыбинск қаласындағы авиациялық техникумда оқыды. 17 жасқа толған қазақ қызы бірнеше рет өтініш жазып, әскери комиссариатқа барғанымен, ол соғысқа жіберілмейді. Авиациялық техникумда Әлия бірнеше ай ғана оқыды. Майданға тезірек бару амалын ойлап, 1942 жылдың желтоқсан айында әйел мергендерді дайындайтын Мәскеу облысы, Вешняки стансасындағы Орталық снайперлер мектебіне өтініш жазып, қабылданады. Әрі сабағына да ұқыптылықпен қарап, өз ісіне деген жігерлігінің арқасында ең үздік курсанттар қатарынан көрінеді. Өзін соғыстың қатал, ауыр сынықтарына дайындайды.
Снайперге аса қажет – нысананы көздеу, дәл тигізу шеберлігін үйренді. Жауға көрінбей, жасырын орыннан фашистерді ататын мерген болуға ұмтылды. Жеке мылтығын ең қымбат заты ретінде лайым таза ұстады. Мектепте курсанттарға сабақ, дәрісті Кеңес Одағының Батыры В.Пчелинцев, полковник Е.Никифорова және басқа да тәжірибелі офицер оқытушылар берді. Әлия мектепте Надежда Матвеева есімді қызбен құрбы дос болды.
Сонда қазақ қызының бірбеткей, өзіне деген сенімділігін көріп, полковник Әлияның снайперлер ротасында қалуына рұқсат береді. Жауынгерлік тапсырмаларға Әлия жұптасы Надя Матвеевамен бірге барады. Атыс орнына екінші рет барғанда-ақ, екі фашисті атып өлтіреді. Псков облысындағы Холмск қаласын азат ету үшін болған ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін Әлия «Даңқ» орденімен марапатталады. Соғыс кезеңдері Әлия туысы Сапурамен хат алысып тұрады. «Сәлеметсің бе, Сапура! Саған жауап хатымды біраз кешіктіріп жазып отырмын. Сенен хат келгенде, мен «аң»(жау) аулауға шыққан едім. Бүгін 1944 жылдың 2 қаңтары күні тылда бәрі Жаңа жылды қарсы алып, қуанышта болар. Ал бізде ашық аспан, аяз, қарлы боран, бұрқасын. Төңіректегі жалғыз ғана пәс, қараңғылау жер үйдеміз.
Хатты тіземе қойып жазып отырмын. Жаңа жыл құтты болсын! Аман-сау болып, бақытты өмір сүруіңе тілектеспін. Сүйемін. Көріскенше, Лия. 2 қаңтар, 1944 жыл», – деп жазады ол бір хатында. Келесі жолы: «Сәлем саған, Отаным! Сәлеметсің бе, менің құрметтім Сапура. Саған хатты жиі жазғым келеді, бірақ жағдайлар оған мүмкіндік бермейді. Өзіңе бірнеше хат жаздым, білмеймін, олар саған жетті ме. Енді біраз уақыт менен хабар келмесе, таңданба – оның себебін білетін боласың. Менен туыстарға сәлем айт, балаларды сүйіп қой. Өзің тек жиі-жиі хат жазшы, қымбаттым. Сүйемін, Лия. Біздің Отан қорғаушы солдаттардан сәлем. 13 қаңтар 1944 жыл» деп жазды Әлия өзінің соңғы хаттарының бірінде. 1944 жылдың 14 қаңтары күні Псков облысы, Новосокольники қаласы маңындағы Насва стансасы мен Казачиха деревнясы үшін болған кескілескен ұрыстар қызыл әскерлерге үлкен адам шығынын әкелді. Қайта басталған үш шабуыл сәтсіздікке ұшырады.
Сондай ауыр жағдайда Әлия өзі бар нәзік бойын көтеріп, солдаттарды қайта шабуылға шақырды. Гранатасын лақтырып, автоматымен бірнеше жауды жайпады. Бірақ, қоян-қолтық ұрыста ауыр жараланып, ерлікпен қаза тапты. Серіктесі Надя Матвеева Сапураға ауыр хатын жолдады: «Сәлеметсіз бе, Сапура. Әлия менің жақын құрбым еді. Сондықтан оның жақын туысы ретінде сізге хат жазып отырмын. Біздің жауынгерлермен ол да шабуылға шығып, ауыр жараланды. Бірер сағаттан соң қайтыс болды. Енді ол арамызда жоқ. Ержүрек Әлия Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды». Сол кездері «Фронтовик» атты дивизиялық газетте Әлия Молдағұлова жөнінде полк жауынгерлерінің жазған хаты да жарияланды: «Әлия Молдағұлова – біздің бөлімнің жауынгері. Ол өзінің нәзік, салмақты, ержүрек пішінімен, байыпты тұлғасымен тірі қалыптағыдай біздің көз алдымызда тұрады.
Бізге ол өзінің туып өскен мекені Қазақстан туралы талай рет әңгіме айтып берді. Оның арманы – соғысты жеңіспен аяқтап, туған еліне қайту, еңбекке оралу, өзін елдің игілікті ісіне жегу еді. Осы тамаша қыз туралы қазақстандықтарға айтып беріңіздер. Оның есімі жастарға үлгі болсын, әрқашан оларды ерлікке шақырып тұрсын!
Қазақ халқының адал, ержүрек қызы Әлия Молдағұлова! Сенің бейнең, сенің ерлік істерің біздің жауынгерлік шежіремізден орын алады, ұрпақтан-ұрпақ сенің есіміңді жадында сақтайды». Қазақ халқының ержүрек қызы, 19 жасар Әлия Молдағұловаға Ұлы Отан соғысындағы ерекше ерліктері үшін 1944 жылдың 4 маусымы күні Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақ халқының аяулы қызы Әлия Молдағұлова қасиетті Әулие ата (Тараз) қаласындағы мектепте оқып, білім алғанын жоғарыда атап өттік. Сондықтан, қазақтың ержүрек, даңқты қызы, Шығыстың өшпес жұлдызы Әлия Молдағұловаға Тараз қаласынан еңселі ескерткіш көтеріліп, есімі қаланың үлкен көшесіне берілсе – игі іс халықтың қолдауына ие болар еді деп ойлаймыз.
Майдан ОРЫНБАЕВ
Тараз қаласы