Әлеумет

Жүргізуші куәлігін қалай алып жүрсіз?

Қазір қоғамдағы үлкен қажеттілік – көлік қатынасы. Бұрындары байлыққа саналатын көлік құралдары, бүгінде тұрмыстық қажеттілікті өтейтін құрал ғана болып қалды. Оның үстіне соңғы жылдары елімізде көлік саны артып келеді. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына берген ұлттық статистиканың мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда бүгінде 5 843 358 көлік тіркеліпті. Еліміздегі автопарктің негізгі үлесін «В» санатындағы 4 898 203 дана көлік құрап отыр. Ең көп көлік Алматы қаласында 718, ең азы Ұлытау облысы – 33 418 көлік. Ал Жамбыл облысында 310 426 көлік тіркелген екен.

Мәселнің мәнісіне келетін болсақ, жоғарыда атап кеткендей «В» санатындағы көлік санының үлесі басым болғандықтан, көлік жүргізушілерін негізінен дайындайтындар – автомектептер. Қазір Жамбыл облысында 25 автомектеп жұмыс істеп тұр. Қолына көлік жүргізушісі куәлігін алуға талпыныс білдірген курсанттарды дайындайтын жамбылдық автомектеп иелерінің жанайқайы – жүргізуші куәлігін алу үшін үміткерлерді практикалық емтихан қабылдайтын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалына қарасты Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы автоматтандырылған автодром жұмыс істемей тұрғандығы.

Автодром жұмысын тоқтатқанына үшінші айға жуықтап барады. Ал қолына куәлігін алған азаматтар автодром жұмыс істемегендіктен басқа қалаларға барып емтихан тапсыруға мәжбүр. Талап бойынша, емтиханның бірінші кезеңі курсантпен автодромда автомектеп нұсқаушысы жүргізіп, екінші қала ішінде көлік басқару кезеңінде де жанынан нұсқаушы табылуы тиіс. Мұндай жағдайда облыс бойынша полиция департаменті басшысының 12.02.2025 жылғы №169 н/і «Жүргізуші куәлігін алуға кандидаттарды практикалық емтиханы бойынша комиссия құру туралы» бұйрығына өзгеріс енгізілуі керек екен.

Жалпы, бұл «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдарын жүргізушілерін даярлау, емтиханды қабылдау және жүргізу куәліктерін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы №862 бұйрығымен бекітілген қосымшасы Емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру Қағидаларының 43 және 75-1 тармағына сәйкес жүзеге асады. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалынан ағымдағы жылдың 19 қыркүйегінде облыстық полиция департаментіне жолдаған хатының негізінде 1 қазанда бұйрық шығып та қойған. Онда аталған №169 н/і бұйрығына толықтырулар енгізуге негізінен Жамбыл облысы бойынша халыққа қызмет көрсету мамандандырылған бөлімінде «А», «А1», «В», «В1», «С», «С1», «ВЕ», «СЕ», «С1Е», «ДЕ», «Д1Е», «Д», «Д1» (мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған) санаттарының үміткерлеріне практикалық емтихан қабылдау үшін автодроммен қамтамасыз етілмегені үшін облыс тұрғындарынан шағым келіп түсуіне байланысты практикалық емтихан қабылдау жөнінде комиссия құрылып, оның құрамы да бекітілген. Қосымша автодромның сызбасы мен техникалық құжаттары да көрсетілген. Бірақ, қалай дегенмен бұйрық шыққан күннен бергі аралықта практикалық емтихандардың өтпеу себебі түсініксіз болып тұр.

«Әулие-Ата Автомектеп» кәсіптік бірлестігінің төрағасы Еркен Молдакаримов халыққа қызмет көрсету орталығына аталған мәселе бойынша хат түсірген. Оның айтуынша, жоғарыдағы бұйрыққа көлік басқару санаттары бойынша өрескел қателіктер де бар көрінеді.

Сондай-ақ осы мәселеге қатысты облыс Жүргізушілер одағының төрағасы Амантай Досмұханбетұлының да пікірін білген едік.

Мәселе осындай. Дегенмен екі тараптың да пікірін білмек мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстағы филиалына қайырылған едік. Осы салаға жауапты мекеме басшысының орынбасары Данияр Медетбеков автоматтандырылған автодромның ақауы қашан бітіп, қашан іске қосылатындығын анық айта алмады.

Қалай дегенде де, екі тарапты толық тыңдадық. Бірақ мәселе сол азаматтардың жүргізуші куәлігін алудағы сыбайластық бар ма, жоқ па? Қанша бақылағанмен тұлғалардың азаматтық жауапкершілігі жоғары болу керек. Көлік басқару – үлкен жауапкершілік. Мұндағы басты жауапкершілік – жол үстіндегі қауіпсіздік мәселесі.

 

Ерман ӘБДИЕВ