«Сіздер журналистерді іздеулеріңіз керек»
Облыс әкімдігінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысында әртүрлі мәселелер қаралып, кеңес төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов облыс орталығында, тіпті аудандарда жастар жұмысы кең көлемде насихатталмай келе жатқандығын сын тезіне алды.
ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖАСТАР ЖҰМЫСЫНЫҢ НАСИХАТЫ ТӨМЕН ЕКЕНІН АЙТТЫ
Алдымен Меркі ауданында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру туралы аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек баяндап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша іс-шаралар өткізуге 4 миллион 801 мың теңге қаражат бөлініпті. Бүгінде аудан халқының саны – 88 455 болса, оның ішінде 14-35 аралығындағы жастар саны – 24823, яғни халық санының 28 пайызын құрап отыр екен.
Бұдан соң Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бақкелді Тұрсынбектің хабарламасы тыңдалды. Бүгінгі таңда ауданда 66 мыңға жуық халық болса, оның 20 410-ы жастар екен. Жуырда ғана аудан аумағында жастардың шығармашылық белсенділігін дамыту және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 2 қабатты дербес ғимарат беріліпті.
Ал биыл 11-ші жыл жүзеге асып отырған «Серпін» әлеуметтік жобасы аясында облыста соңғы бесжылдықта барлығы 489 жас оқуға түсіпті. Жалпы 2021-2025 жылдар аралығында өңірде ұйымдастырылған «Серпін» күндеріне он мыңнан астам жамбылдық жастар тартылып, олар Солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарының өкілдерімен кезде сіпті. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова атап өтті. Ағымдағы жылдың 11 айы бойынша жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылатын жұмыс орындарының жо спары 65,4 мың болып бекітілсе, есепті кезеңге барлығы 63,4 мың жұмыс орны құрылған. Оның 24,8 мың жұмыс орны жастарға арналса, жоспар 118,6 пайызға орындалыпты.
Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Серік Жақсылықұлы Меркі, Т. Рысқұлов аудандары бойынша жастардың жұмысын насихаттай алмай отырғандарын атап өтті. Жалпы, бұл барлық аудандарға да тиесілі.
Сондай-ақ жиында облыстық және Шу, Байзақ аудандарындағы жастар ресурстық орталықтарының жеке ғимаратқа орналасу жайы да сөз болды.
Ерман ӘБДИЕВ