Жаңалықтар

Сарыкемерде заманауи спорт кешені ашылды

Ұлт саулығының кепілі – бұқаралық спорт. Дәл осы себепті өркениет көшін бастап тұрған мемлекеттерде спорт пен салауатты өмір салты – ұлттық идеология дәрежесінде дәріптеледі. Демек ұлт саулығын нығайтып, қарапайым халықтың сергек жүруіне серпін беретін бұқаралық спорттың өрісін кеңейту – күн тәртібінен түспеуі тиіс. Мұны ескерген Мемлекет басшысы қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту елдің басым бағыты екенін айтып, ұлттың саулығы үнемі назарда болатынын атап өтті.

Шын мәнінде, бұқаралық спортты нығайтып, халықтың сауаттылығын арттыру инфрақұрылымға байлаулы екені рас. Қуанарлығы, соңғы жылдары біздің өңірде спорт нысандарын салуда ілгерілеушілік байқалады. Осы орайда кеше Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында заманауи спорттық сауықтыру кешені ел игілігіне берілді. Бір мың шаршы метр аумақты қамтитын нысанда волейбол, баскетбол, футбол мен үстел теннисі сынды спорт түрлерінен үйірме жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда жаттығу залы да бар. Су жаңа ғимараттың бой көтеруіне Ұлттық қор мен облыстық бюджет есебінен 302,5 миллион теңге қаржы бөлініпті. Ал нысанның құрылысын «Bek Stroy - 2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

Кешеннің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Олжас Баққараев жас ұрпақтың дені сау, шымыр да шыныққан азамат ретінде өсуіне бұқаралық спорттың тигізетін пайдасы зор екенін тілге тиек етті.

Мұнан соң КСРО чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алмас Мұсабеков өз сөзінде облыс басшылығына спорт саласына көрсетіп жатқан қолдаулары үшін алғысын білдіріп, жаңа нысан ауылдықтардың игілігіне жарайтынын жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров пен ардагер спортшы Асқар Смайылұлы ғимараттың лентасын қиды. Шара соңында аудан басшысы «Aқ Бидай – 2025» VIII республикалық ойындарында кіші футболдан 3 дүркін чемпион атанған жерлес командаға бірыңғай спорттық киімдерді табыс етті.

Айта кетейік, осы жылы Байзақ ауданында жергілікті бюджет есебінен Қайнар мен Бурыл ауылында кіші футбол алаңы ел игілігіне берілген еді. Бұдан бөлек Тегістік пен Көкбастау ауылында балалар ойын алаңшасының құрылысына демеушілер тартылған. Нақ осындай балалар ойын алаңшасы Мырзатай, Үлгілі және Көктал ауылында да салынды. Сондай-ақ даңқты боксшы Болат Жұмаділовтің кіндік қаны тамған Кеңес ауылында жеке кәсіпкердің көмегімен «Орынбасар-Тати» атындағы спорт кешені бой көтерді. Ал Қостөбе, Үлгілі, Сеңкібай мен Қосақ ауылында шағын футбол алаңдары салынды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Байзақ ауданы