Жаңалықтар

Жапония - алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз

18-20 желтоқсан күндері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды. Ақорданың хабарлауынша, Президенттің жыл соңындағы бұл сапарының бағдарламасы ресми келіссөздер мен іскерлік кездесулерге толы болды. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Император Нарухитомен, Премьер-министр Санаэ Такаичимен, сондай-ақ жапондық іскер топ өкілдерімен кездесіп, «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысты.

Императормен кездесуден басталған сапар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды. Қонақжайлылық танытқаны үшін Императорға ризашылығын білдірген Президент Қазақстан халқы Күншығы с елінің тәртібі мен табандылығын әуелден үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ екі елді өзара құрмет пен түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіретінін жеткізді.

Император Нарухито Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың сапары Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихында елеулі оқиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын айтты. Жылы шырайда өткен жүздесуде Мемлекет басшысы мен Император өзара ынтымақтастық мәселелері және халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасты.

ОН ТӨРТ ҚҰЖАТҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАН КЕЛІССӨЗ

Қазақстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімінен соң Жапония Премьер-министрінің офисінде қазақжапон келіссөздері басталды.

Жапония Премьер-минист рі Қазақстан Президентінің ресми сапары екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Санаэ Такаичи Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұдан соң екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.

АСТАНА МЕН ТОКИО ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТТЫ

Мемлекет басшысы Жапонияға сапары барысында Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесу өткізді. Губернатор Қасым-Жомарт Тоқаевты «Қош келдіңіз!» деп қазақ тілінде жылы шырай таныта қарсы алды. Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юрико Коикэ цифрландыру, Smart city технологияларын және қаланы орнықты дамыту, жасанды интеллект, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар мегаполистердің тұрғындары мен қонақтары үшін анағұрлым жайлы, экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру жайын қарастырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан және Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Мемлекет басшысы қаланы басқару ісіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екеніне тоқталды.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды, шаһарды басқару тиімділігін арттыруды және орнықты даму үшін озық технологияларды пайдалануды көздейді.

КҮНШЫҒЫС ЕЛІНДЕГІ КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУЛЕР МЕН ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Күншығыс еліне сапарының алғашқы күні Токиодағы 1920 жылы салынған кешен – императорлық киелі орын саналатын Мейджи Джингу синто ғибадатханасына барды. Оның аумағында 120 мыңға жуық ағаш пен жасыл желегі бар саябақ орналасқан. Ғибадатхана түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу арқылы Жапонияны әлемнің дамыған елдерінің біріне айналдырған император Мейджиге арналған. Кешенмен танысқан соң Мемлекет басшысы «Құрметті қонақтар кітабына» жазба қалдырды.

Бұдан кейін Президент қазіргі уақытта Жапонияда білім алып, түрлі салада қызмет етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті. Мемлекет басшысы Жапония сияқты дамыған елдің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айтты.

Сол күні Тошиаки Эндо бастаған Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесу өткізген Мемлекет басшысы Достық лигасының қызметін екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті.

Жапониядағы ре сми сапары аясында Қазақстан Президенті Rakuten Group компаниясының негізін қалаушы, басқарма төрағасы және бас директоры Хироши Микитанимен де кездесті. Мемлекет басшысы Rakuten тобының әлемдегі ең озық жаһандық цифрлық экожүйе қалыптастыруда қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, технологиялық даму мен цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстан компания тәжірибесіне зор қызығушылық танытады. Президент елімізде алғаш рет жасанды интеллект туралы заң қабылданып, бірінші ұлттық супер компьютер іске қосылғанын, электрондық үкімет қызметі мен цифрлық экожүйе жетілдіріліп жатқанын жеткізді. Осы орайда Мемлекет басшысы Rakuten компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен тығыз қарымқатынас орнату ниетін құптады. Хироши Микит ани елімізде цифрлық бастамаларды дамытудың жоғары қарқынын атап өтіп, оларды жүзеге асыру үшін ауқымды инвестиция тартылғанына назар аударды.

Айта кетсек, Rakuten Group – Хироши Микитани 1997 жылы негізін қалаған жапондық технология конгломераты. Компания электронды коммерция, мобильді байланыс, қаржы технологиялары, цифрлық контент, медиақызмет және басқа да онлайн сервистерді қамтитын тұтас цифрлық экожүйені дамытады. Rakuten 30-дан аса елмен және өңірмен халықаралық серіктестік орнатқан. Токиода Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұлмен кездесуге де уақыт тапты.

Мемлекет басшысы Жапонияда білім алып, он жылдан бері ірі халықаралық жарыстарда көш басынан көрініп жүрген Ерсін Балт ағұлды қазақстандықтар мақтан тұтатынын атап өтті. Сонымен қатар бүгін Император Нарухитомен кездесуде балуанның жетістіктері туралы әңгіме қозғалғанын айтты. Еске сала кетсек, қазақстандық спортшының лақап аты – Кимбозан. Бұл атақты бапкер әрі төл сумо мектебінің негізін қалаушы, ояката Кисенің туған жері Кумамото префектурасындағы таудың атауы.

Сапарының екінші күнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода жапондық іскер топ өкілдерімен кездесуін жалғастырды. Алдымен Жапонияның ірі және ықпалды саудаинвестициялық корпорациясының бірі саналатын Sumitomo жетекшісімен кездескен Қазақстан басшысы еліміз бұл корпорацияның орнықты даму мен бизнестің жауапкершілігін арттыруға бейілдігін жоғары бағалайтынын, сондай-ақ компанияны ұзақ мерзімді серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Компания президенті Шинго Уэно Мемлекет басшысына «Қаз атом өнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлескен жобаны іске асыру жайында мәлімет берді. Аталған жоба ядролық медицина саласында уран өнімдерінен ем-шараға қолдануға арналған радий изотоптар алудың ғылыми-негіздемелік әдістерін әзірлеуді қарастырады. Кездесуде көліклогистика, энергетика, атом өнеркәсібі, металлургия және геологиялық барлау салаларында бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.

Бұдан кейін Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысының Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төрағасы Ичиро Такахаруды қабылдағаны туралы хабарлады. Кездесуде геологиялық барлау, аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, сондай-ақ табиғи ре сурстарды орнықты басқару бағыттарындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды. Мемлекет басшысы JOGMEC компаниясының Қазақстанда жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.

Сонымен қатар әңгімелесу барысында ұйымның еліміздегі геологиялық барлау жобаларына қатысу және өкілдік ашу мүмкіндіктері қарастырылды. Президенттің пікірінше, бұл бірлескен жобаларды тиімді үйлестіруге, сондайақ Жапонияның өндірістік және технологиялық компанияларының Қазақстан нарығына көптеп келуіне ықпал етеді. Мәлімет үшін айтар болсақ, JOGMEC – Жапонияның энергетикалық және минералды шикізат қауіпсіздігіне жауапты негізгі мемлекеттік институты. Ұйым мұнай, газ, сутегі, аммиак және сирек кездесетін металдардың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ететін мемлекеттік оператор міндетін атқарады.

Қазақстан Президентінің кезекті кездесуі Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунагамен өтті. Президент Қазақстандағы белсенді қызметі және Жапониямен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Mitsui басшылығына ризашылығын білдірді. Қазіргі уақытта кәсіпорын халықаралық жеткізу тізбегін қалыптастыруда, инфрақұрылымды дамытуда, энергетика мен өнеркәсіп салаларын өрістетуде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қазақстан экономиканың негізгі секторларында Mitsui компаниясының қызмет аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

Атап айтқанда, компанияның Астанада күрделі жөндеу және құралжабдықтарды қайта қалпына келтіру бойынша өндірістік кешен құрылысына қатысу жоспарын мақұлдады. Сондайақ өзара қызығушылық танытқан салалар қатарында аса маңызды минералдар, көлік-логистика, табиғи апаттардың алдын алуға арналған технологияны енгізу бағыттары бар. Токио сапары аясында Mitsui компаниясымен бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойылғанын айта кеткен жөн. Ал Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огавамен өткен кездесуде Мемлекет басшысы бұл компанияның еліміздің тау-кен инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі саналатынын атап өтті. Komatsu құрылыс, тау-кен, жол және индустрия салаларына қажетті техникалар өндіруге маманданған әлемдегі ең ірі машина жасау корпорацияларының бірі саналады. Президент компанияның Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өндірісті локализациялауға, елдер арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін озық технологиялар алуға ниетті. Хироюки Огава стратегиялық тұрғыдан маңызды нарық саналатын Орталық Азияның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Ол жаңа кешеннің аймақтағы тау-кен компанияларының техникаларын аз уақыт ішінде төмен бағада жөндейтін әрі оларға жедел сервистік қызмет көрсететін өңірдегі ірі хабқа айналатынын мәлімдеді.

Кездесу барысында маман даярлау мәселесіне баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясының елімізде операторларға, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашу туралы бастамасына қолдау білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакимен кездесу барысында қазақстандық таукен кәсіпорындарының жапондық компаниямен ынтымақтастығын кеңейту перспективасын қарады. Мемлекет басшысы Hitachi Construction Machinery компаниясының өңірдегі басты серіктесі саналатын Қазақстан өзара тиімді байланыстарды тереңдетуге дайын екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, алдағы уақытта кен орындарының қажеттілігі үшін өндіріс локализациясы мен құрал-жабдықтарды жөндеу ісіне басымдық беру маңызды. ҚасымЖомарт Тоқаев цифрландыру, «жасыл» технологияларды енгізу және дербес көлік жүйесі бірлескен жұмыстың перспективті бағыттары бола алады деп санайды. Масафуми Сэнзакидің айтуынша, компанияның басты мақсаты – жаһандық деңгейдегі, сонымен бірге Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру аясында жоғары технологиялы, төмен көміртекті, қауіпсіз шешімдер әзірлеу әрі оны өндірісте қолдану. Hitachi Construction Machinery – құрылыс және тау-кен техникаларын шығаратын әлемдегі жетекші кәсіпорындардың бірі. Компанияның экскаваторлары, карьерге арналған жүк көліктері және басқа да техникалары 150-ден аса елде, соның ішінде Қазақстандағы ірі кен орындарында жұмыс істейді.

БҰҰ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АЛМАТЫ ФИЛИАЛЫН ҚҰРУДЫ ҰСЫНДЫ

Кеше Токиодағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінде «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбында дәріс оқыған Қазақстан Президенті Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруды ұсынды, деп хабарлады Ақорда. Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройы ел ішіндегі жетістіктерімен тікелей байланысты екенін мәлімдеді. Президенттің пайымдауынша, тиімді дипломатияның өзегінде дәл осы жауапты ішкі саясат жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының университеті – БҰҰ Бас Ассамблеясы құрған жаһандық зерттеу және білім беру орталығы. Штаб-пәтері Токиода орналасқан университет құрамына әлемнің 12 еліндегі 13 институт кіреді.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП