Құқық

200 мың азаматтың әлеуметтік құқығы қорғалды – Бас Прокурор

Бас прокуратурада 2025 жылдың қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Бас прокуратурада облыстардың және оларға теңестірілген прокурорлардың қатысуымен, сондай-ақ барлық аумақтық прокуратуралардың онлайн-қосылуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында прокуратура органдарының 2025 жылғы қадағалау қызметінің қорытындылары талқыланды. 

Бас Прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының Активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне қайта құру туралы Жарлыққа қол қойғанын хабарлады.

Ол Мемлекет басшысымен прокуратураның алдына қойған міндеттердің үлкен жауапкершілік жүктейтінін және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесінде нақты қадамдар қабылдай отырып, сапалық тұрғыдан жаңа деңгейде жұмыс істеуді талап ететінін атап өтті.

Сондай-ақ, Бас Прокурор Берік Асылов 2025 жылдың 11 айында прокуратура органдары шамамен 200 мың азаматтың әлеуметтік құқықтарын қалпына келтіргенін айтты. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жыл басынан бері мемлекетке келтірілген зиянның 1 триллион теңгеден астамы өтеліп, 215 млрд теңге бюджет шығындарына жол берілмеді.