Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана
Облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын салтанатты түрде қорытындылады. Бұл жоба өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыруды, оқырман мәдениетін қалыптастыруды, келешек ұрпақты дәстүрлі түрде кітап оқуға шақыруды мақсат етті. Осы бағытта шығармашыл жандар мен оқырмандарды ынталандыратын көптеген іс атқарылды. Жоба қорытындысында жыл бойы атқарылған игі істер сараланды.
Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана
Әулиеата жері – ежелден-ақ ғұлама ғалымдар мен ойшылдардың мекені. Сол рухани дәстүр жалғасын тауып, өңірдегі шығармашыл жандарға қолдау көрсетіліп келеді. Жыл басында жобаның ресми ашылуында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымыз бен бірегейлігімізді сақтау – аса маңызды. Жастарды кітап оқуға баулып, рухани тәрбиені ұлттық негізде дамыту – біздің басты мақсатымыз. Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани байытатын ең құнды құрал, оны ешбір ақпарат көзі алмастыра алмайды», – деп атап өткен болатын.
Осы мақсатта жүзеге асырылған «Ең үздік ауылдық кітапхана», «Үздік оқырман», «Ел үшін туған ерлер» облыстық байқауларына қатысушылардың материалдары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар LED экран арқылы жоба аясындағы негізгі бағыттар мен байқаулар таныстырылды. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» кітап экспозициясы ұйымдастырылып, жергілікті 24 ақынжазушының еңбектері де салтанатты кеш барысында көрсетілді. Жиынды ізгі тілегімен бастаған ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр Дария» облыстық газетінің бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабай Миллионов жобаның маңыздылығына тоқталды.
Білімге, руханиятқа, парасатқа ұмтылған елдің айғағы болған жоба аясында жыл бойы «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн», «Кітапхана – мәдениет ордасы», «Ойыма ой қосқан шығарма», «Book & Art», «Anime», «Кітап мұхитындағы аралдар», «Жастар – кітап әлемінде», «Кітап оқы, талқыла, суретте», «Өміріме әсер еткен бір кітап», «Отбасымызбен бірге оқимыз», «Жазғы демалыс кітаппен бірге», «Жүзден жүйрік» және тағы да басқа іс-шаралар кешені өткізілді. Соның нәтижесінде құнды қазынаға деген көпшіліктің қызығушылығы оянып, кітапханаға баратындардың қарасы қалыңдады.
«Үздік автор» номинациясымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт және өлең өлкесіне өзіндік лебімен, өрнегімен келген ақын, газетіміздің жауапты хатшысы Нұржан Қадірәлі марапатталды. Ауыл тұрғындарының рухани орталығына айналған, жаңа идеяларымен ерекшеленген үздік ауылдық кітапханалардың да еңбегі еленді.
«Ең үздік ауылдық кітапхана – 2025» облыстық байқауының бас жүлдесі Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылдық кітапханасына бұйырса, І орынды Т. Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылдық кітапханасы, ІІ орынды Байзақ ауданы, Үлгілі ауылдық кітапханасы, ІІІ орынды Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылдық кітапханасы иеленді. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне арналған «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» атты облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары да сый-сияпатқа ие болды. Сонымен қатар кітапқа деген сүйіспеншілігімен, үздіксіз ізденісімен және белсенділігімен көзге түскен, өз ортасына кітап оқуды үлгі ететін «Үздік оқырмандар» да марапатталды.
Қамар ҚАРАСАЕВА