Әлеумет

Сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Қазіргі таңда аграрлық секторда өнімнің сапасы мен көлемін арттыру үшін ғылыми жетістіктерді, инновациялық технологияларды және тиімді агротехникалық тәсілдерді қолдану басты талапқа айналды. Сол көптеген факторлардың ішінде ерекше маңызға ие бір шарт – себілетін тұқымның сапасы.

Сапалы тұқым – мол өнім алудың негізгі кепілі. Тұқымның сорттық тазалығы, өсіп‑өну қабілеті, климаттық жағдайға бейімделуі және ауруларға төзімділігі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімділігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан тұқымға қойылатын талаптар жыл сайын күшейіп, сертификатталған, элиталық тұқымдарды пайдалану аграрлық өндірістің басты бағытына айналды.

Сапалы тұқым дегеніміз – арнайы тексерістен өткен, генетикалық тазалығы сақталған, өнгіштік көрсеткіші жоғары, зиянкестер мен аурулардан қорғалған, ғылыми негізде сұрыпталған тұқым. Мұндай тұқымның өнгіштігі көбіне 90-98 пайыз аралығында болады және ол егіске бірдей көктеп шығатын, біркелкі дамитын өсімдіктерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сапалы тұқымды пайдаланудың артықшылықтары көп. Біріншіден, ол өнімділікті 20-40 пайызға дейін арттырады. Бұл аз шығынмен жоғары өнім алуға мүмкіндік береді.

Екіншіден, тұқымның біркелкі өсуі агротехникалық жұмыстарды жеңілдетеді. Үшіншіден, зертханалық сұрыпталған тұқымдар ауруларға төзімді болып келеді және қосымша шығындарды азайтады. Сонымен қатар жоғары репродукциялы тұқымдарды қолдану шаруашылықтың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, нарыққа сапалы өнім шығаруға жағдай жасайды. Тұқымды таңдағанда оның сорттық сәйкестігіне, сапасына, өнгіштік көрсеткішіне, ылғалдылығына, сертификаттарының болуына және аймақтың климаттық жағдайына бейімделуіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Сонымен қатар тұқымның зиянкестер мен ауруларға қарсы алдын ала өңделуі (протравливание) де маңызды. Бұл болашақ өнімді сақтауға үлкен әсер етеді.

Егіс алдындағы тұқымды дайындау – агротехникалық мәдениеттің маңызды бөлігі. Тұқымды тазалау, кептіру, сұрыптау, дәрілеу, дұрыс сақтау – өнімнің сапасын айқындайтын негізгі қадамдар. Әрбір шаруа қожалығы бұл жұмыстарды уақытылы және талапқа сай жүргізуі қажет. Қорытындылай келе айтарым, сапалы тұқым – ауыл шаруашылығындағы жоғары өнімнің негізгі факторы. Шаруашылықтың табысы, өнім көлемі және нарықтағы орны көбіне тұқым сапасына байланысты. Сондықтан сапалы, сертификатталған тұқымды қолдану – аграрлық саланың тұрақты дамуына және тиімділігіне жол ашады. Тұқымға салынған инвестиция – болашақ өнімге салынған берік негіз.

 

Әбдіәшім ИЛЬЯСОВ

сорт сынау учаскесінің агрономы.

Т. Рысқұлов ауданы