Әр естелік - желтоқсаншылардың жан сыры
Өткен аптада Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Тәуелсіздік – тәу етер киелі ұғым» атты жыр шеру кеші ұйымдастырылды. Ел егемендігінің тарихи маңызын кейінгі толқынға ұғындыру, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, ұлттық поэзия арқылы елдік құндылықтарды дәріптеу – игі іс. Іс-шараны ұйымдастырушылар осындай ізгі ойды мақсат етті.
Кеште студент жастар Тәуелсіздік тақырыбындағы, Желтоқсан оқиғасына қатысты танымал ақындардың жырларын жатқа оқыды. Жыр шеруге желтоқсан оқиғасының тікелей куәгерлері шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. Олар көңілдеріндегі толғанысқа толы естеліктерімен, сол кезеңнің ауыр да азапты шындығымен бөлісті. Атап айтқанда, «Жамбыл облысы Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қалалық маслихат депутаты, №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Мұрат Бердалиев жастардың алдында ағынан жарылды.
Жиынға қатысушылар Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екенін атап өтіп, мұндай рухани кештердің қоғам үшін маңызы зор екенін жеткізді. Аталған қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары, желтоқсаншы Света Иманқұлова желтоқсан тақырыбын зерттеп жүрген ізденуші Құттыбек Әшірхан да әсерлі сөздерімен ортаға ой салды.
Басқосуды аталған кітапхана директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Әбдинова қорытындылап, кештің жастарға берер тағылымы мол екенін айтып, қонақтарға алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ