Жаңалықтар

Түнгі тыныштықты бұзып, отшашу ататындарға қашан тыйым болады?

Бүгінгінің жастары жаңалыққа құмар. Еліктегіш. Ғаламтордан көргенін қайталайды және жастардың бұл әрекеті басқаларға тез жұғады, тез тарайды.

Бұрынғының жігіттері ұнатқан қызын киноға, театрға, басқа да мәдени орындарға апарып, отбасы құрайық, үй болайық деген ниеттерін жүрекпен, сезіммен оңашада, үн-түнсіз ұғындырушы еді. Қазіргінің балалары көпшіліктің көзінше тарстұрс еткен от шашулармен жеткізеді. Міне, Тараз қаласындағы саябақтар түн болса осындай тарс-тұрс еткен іс-шаралардың ордасына айналады. Қызға сөз салу, сезімін жеткізу, жұп болуға ұсыныс тастау – бәрі дұрыс. Оған қуанасың. Бірақ тура түнгі сағат 24-те саябаққа шақырып, тарсылдатып от шашу атып, тізерлеп тұрып қыздың қолын сұрау – қай ата-бабамыздан қалған дәстүр?!

Шынын айту керек, саябақ маңында тұратын үйлердің тұрғындары жастардың осындай тарсылдаған дәстүрінен мезі болды. Тіпті полицияға арыз жазғандары да бар. Бірақ әләзірге полиция дәрменсіз. Сондай-ақ қала ішінде түнде отшашу атып, туған күн иесін құттықтайтындар да жиілеп барады. Бұл уақытта жұрт шырт ұйқыда жатады. Түн ортасында аулада тарсылдаған отшашудың даусынан шошып оянып, ұйқы қашып, мазасыздық басатыны рас. Біреуді туған күнімен құттықтау үшін көпшіліктің тыныштығын, тәтті ұйқысын бұзуға кімнің қақысы бар? Осындай бейбастақтықтан шаршаған біраз кісі Facebook әлеуметтік желісінде түн жарымында көпшіліктің мазасын қашырған әрекеттерге қарсылықтарын айтып, жазған, бірақ әлі де тоқтамай тұр. «Мұндайларға заңмен жаза қарастырылады ма?» деген сұрағымызды жергілікті полиция департаментіне жолдадық.

Алайда ондай жайттар кафе, ресторандарда емес, жекелеген тұрғын үйлердің аулаларында болады. Бір ғана адамның қуанышы үшін тұрғындардың түнгі тыныштығын бұзатындар бұл әрекеттері үшін заң алдында жауапқа тартылатынын біле ме екен?

Еліміздің әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабында «Жеке тұлғалардың тыныштығын, белгiленген тәртiптi бұзатын және iрi материалдық залал келтiруге әкеп соқпаған, елдi мекендерде және бұл үшiн бөлiнбеген орындарда пиротехника лық бұйымдарды қолдану – пиротехникалық бұйымдар тәркiленіп, жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» деп көрсетілген. Егер мұндай әрекетті 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған тұлға жасаса, аталған жауапкершілік оның ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға жүктеледі. Сондай-ақ осы бапта «әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған, сол сияқты осы Кодекстің 437-бабында көзделген құқық бұзушылық үшiн бiр жыл iшiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адам жасаған әрекет – пиротехникалық бұйымдар тәркiленіп, отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді» делінген. Ал 437-бапта нақты тыныштықты бұзу үшін қарастырылған жаза белгіленген.

1. Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу, сол сияқты тұрғын ғимараттарда және тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарының жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзуы – жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет жеке тұлғаларға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – алпыс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді», – деп көрсетілген заң талабында.

Заң алдында барлық адам тең құқылы. Жоғарыда жазылған заң талаптарын ескеріп, әркім өз жауапкершілігіне мұқият болса, ешкімнің берекесі қашпас еді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА