Жаңалықтар

Президент тапсырмасы орындалды

Жалпы су жетіспеушілігі қазақстандықтардың жиі көтеретін негізгі талаптарының бірі. Өйткені біздің ел ресурсы тапшы мемлекеттер санатына жатады. Географиялық тұрғыдан алғанда, бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурсының көзі шекаралас елдердің аумағында орналасқан. Соған қарамастан қазірдің өзінде елімізде ауыз су мәселесін шешу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын өз деңгейінде орындаудың маңызы зор.

Байзақтықтар 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылды

Айта кетейік, биылғы жоспарға сай өңіріміздегі 24 ауылдық елді мекен мен 9 тұрғын үй алабында ауыз су нысандарының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 19 елді мекен мен 5 тұрғын үй алабындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, әулиеаталықтар тіршілік нәріне қол жеткізді. Нәтижесінде, ауыз сумен қамту көрсеткіші – қалаларда 99,8, ауылдық елді мекендерде 99,6 пайызды құрап отыр.

Бұдан бөлек бұл күнде 3 елді мекен мен 4 тұрғын үй алабындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдау-тапсыру рәсімдері қолға алынған. Сонымен қатар қалған 2 нысанда құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалды. Ал күні кеше Байзақ ауданындағы Жаңасаз ауылы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Сазтерек ауылдық округіне қарасты үш елді мекеннің бірі саналатын аталған ауылда 50-ден астам түтін бар. Бір қуанарлығы, бұған дейін дәл осы елді мекенде әлеуметтік мәселелер рет-ретімен өз шешімін тауыпты. Нақтылай түссек, аядай ғана ауыл тұрғындары үшін газ құбыры тартылып, жарық шамдары орнатылған. Енді міне, жаңасаздық жұртшылық көптен күткен ауыз суға да қол жеткізіп отыр. Қарапайым халықтың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Олжас Баққараевтың айтуынша, алдағы уақытта шалғайдағы елді мекендерге балалар ойын алаңшалары мен футбол алаңдарын салу жоспарда бар.

Атап өтейік, жобаның жалпы құны – 435 миллион теңгені құрайды. «Грандстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын жүргізген нысан тәулігіне бірнеше текшеметр ауыз су өндіруге қауқарлы. Осы ретте ауыл қариясы Жұмахан Жәдіков жаңасаздықтардың талап-тілегіне құлақ асқан жергілікті билік өкілдеріне өз ризашылығын білдірді.

Естеріңізде болса, бірер апта бұрын аталған аудандағы Төрткөл ауылы да орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған еді. Ал Дихан ауылының ауыз су құбырын қайта жаңғырту жобасы бойынша аудандық бюджеттен 50 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Бұдан бөлек Бурыл, Сарыкемер және Мәдімар ауылдарында ауыз су құбырларын жаңғырту бойынша жобалықсметалық құжаттамалары әзірленуде.

 

Есен ӨТЕУЛІ