Спорт және туризм

Жасөспірімдер жүзуден жарысты

Еліміздің әрбір азаматы үшін Тәуелсіздіктің бағасы биік, құны жоғары. Бұл ретте әрқашан патриоттық сезімімізді оятатын мемлекеттік рәміздеріміздің алатын орны ерекше. Әсіресе биіктігі әуемен таласқан көк Туымыздың маңызы ерекше.

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай және Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбековты еске алуға арналған жүзуден 2013-2014 және 2015 жылы өмірге келген, одан кіші ұлдар мен қыздар арасында біріншілік өтті.

«Дельфин» жүзу бассейнінде ұйымдастырылған жарысқа 140-қа жуық спортшы қатысты. Екі күнге ұласқан жарыс жүзу спортының 10 бағдарламасы бойынша өтті. Нәтижесінде 2013-2014 жылдары туған қыздар арасында 50 метрге еркін жүзу бойынша Әдемі Мұхтар, ұлдардан Алимансұр Бейбіт, 2015 жылғы қыздардың ішінен Дарья Шелкова, ұлдардан Алексей Береснев, 2013-2014 жылдары туған қыздар сайысында 50 метрге брасс жүзу әдісі бойынша Валентина Сайдалиева чемпион атанды. Осы қашықтықта ұлдар арасында Әнуар Әлмұратов, 2015 жылғы ұлдар арасында 50 метрге брасс жүзуден Қайсар Әсембек қарсылас шақ келтірген жоқ.

2015 жылғылардан кіші қыздар арасында Милена Казакова, 2013-2014 жылдары туған қыздар арасында 100 метрге брасс жүзу бойынша Алёна Исламхан, 2015 жылғылардан кіші ұлдар арасында 100 метрге брасс жүзу бойынша Салманбек Ишанқұлов, 200 метрге еркін жүзуден 2015 жылғы және одан кіші қыздар арасында Азалия Босбекова, 2013-2014 жылғы ұлдар арасында 200 метрге еркін жүзуден Әлимансұр Бейбіт жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және медаль табыс етілді.

 

Есет ДОСАЛЫ