Жаңалықтар

Азаттық таңы

Азаттық таңы

Дүниеде мұң ғана мұңнан да ауыр –

Мұңайғанда жол таппай тұрған бауыр,

Кегі кеткен далама келдің бе есен,

Тарихи әділетті туған дәуір!

 

Еске түсіп, езіліп отыр ішім,

Тарих қойны қан мен жас – өкінішім.

Таулар шөгіп, батырлар шейіт болған

Тәуелсіздік таңына жету үшін.

 

Қанды жебе қадалған дала – жүрек

Сыздап тұрып, ертеңге алады бет.

Жарасына ем іздеп жатқан елге

Жолдас болар ма екенсің, жан әділет!

 

Ұлы сапар сүрлеуі, соқпағы көп,

Белгісіз деп безуге жоқ тағы рет.

Соқтықпалы сор мекен не көрмеді,

Ащы жасын жел сүртсін, тоқта, әділет!

 

Бағынғанбыз басымыз ноқталы боп,

Ішімізде көмілген көп қабілет.

Теңдік үшін мұхитқа қайық салдық,

Жанталаста жақтас тек аққа, әділет!

 

Қайрат таппай есімде қынжылғаным,

Қанымменен жазылды бұл жырларым.

Кім ағытар жететін жүз жылға әлі,

Рухани зорлықтың шынжырларын?!

 

Кеш түсінген сияқты мұны елім де,

Қалай жүрдік өктемдік түнегінде?

Бір үн жетіп санама ғасырлардан,

Ұлы Тұран оянды жүрегімде!

 

Түңілме, ақын,Үніңе үміт кірген.

Түбі бірге түрілді түрікке іргең.

Туыстарың түсінер Ту керегін

Туған Айдың бейнесі біріктірген!

 

Мен Алладан сұраймын мінәжат қып,

Заман бізге жасамай, сірә, жаттық,

Бұл далама,Ұлтыма,Ұрпағыма,

Шын мәнінде келгей деп шын Азаттық.

 

Аруақтар да қалмағай мақұл көрмей,

Жер-Ананың тәніне зақым келмей.

Ұлы үлестен Ұлы күш Ұрпағыма,

Ұлы еншісін алатын ақыл бергей!

 

Мейлі бізге қиын жол қисын азап,

Тербегенде табиғат – күйші ғажап,

Адамзаттың баратын дәуіріне,

 Аман-есен барса екен исі қазақ!

 

Күләш АХМЕТОВА

Ақын

Мемлекеттік сыйлықтың иегері