«Елімнің әр сәтті қадамына қуанамын»
Әркімге өзінің Отаны қымбат. Қолымызға қылқалам ұстап, қазақ деген халықтың перзенті болып жүргенімізге қуанамын. Биыл да мен үшін сәтті жыл болды. 2025 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Ұлттық Орталық музейінде «Киелі мекен» атты жеке шығармашылық көрмемді өткіздім. Аталмыш іс-шара Шу ауданының 95 жылдығына арналды.
«Киелі мекен» көрмесінде түрлі техникада орындалған 100-ден астам туындым ұсынылды. Олардың қатарында табиғи тас пен ағаштан ойылған мүсіндер, кескіндеме және графикалық жұмыстар бар. Әр туындымда туған елдің тарихы мен табиғатын, халқымыздың салт-дәстүрі мен қазақ халқының рухани болмысын өнер тілімен сөйлетуге тырыстым. Менің табиғи тастан жасалған «Абыз» атты туындым еліміздің Ұлттық музейінде, «Ана – Жер Ана» мүсіні Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде, «Желтоқсан желі – 86» еңбегім облыстық музей қорында сақтаулы. Осы кезге дейін Әулиеата жерінде ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – ел тұғыры», «Ақ мекен», «Жемқорлық – жегіқұрт» атты шығармашылық көрмелерім көрерменнің жоғары бағасына ие болды деп ойлаймын.
Тәуелсіздік таңы атқалы әр салада үздіктер кеңінен танылды, қанатын кеңге жайды. Суретшілік, көркем өнер, мүсіншілік жанры да жаңаша сипат алып, кемелденді. Бұл салада жалғыз мен емес, басқа да көзге түскен таланттар аз емес. Осы жетістіктің барлығы елдің азаттығы мен еркіндігінің арқасында мүмкін болып жүзеге асуда. Мен Отанымды өте қатты жақсы көремін. Өз Отанымызды өзіміз бағаламасақ, сырттан біреу келіп, қисық шегеңді түзеп бермейді. Әр саланың үздігі болу, әрқашан биікке ұмтылу – ең жақсы қасиет. Тәуелсіз еліміздің көк байрағы желбірей берсін!
Қали ҚОРАЛАСБАЕВ
суретші-мүсінші, Мәдениет саласының үздігі