Қоғам

Жалған мотивация: Коучтар елді қайда жетелеп барады?

Қазіргі қоғамда коучинг индустриясының ерекше қарқын алуымен адам санасының жаңа бір кезеңге аяқ басқаны байқалады. Әлеуметтік желілерден бастап, оффлайн орталықтарға дейін түрлі мотивациялық курс, тренинг, семинарлар қаптап кетті. Сырттан қарағанда бұл үрдіс білімге, дамуға, өзін табуға деген сұраныстың күшейгенін көрсететін секілді. Алайда мәселенің астарына тереңірек үңілсек, дәл осы танымалдықтың көлеңкесінде халыққа айтарлықтай зиян әкеліп жатқан құбылыстар да аз емес. Біреуі қаржысын жоғалтты, біреуі өз болмысынан алыстап кетті, енді бірі отбасының ыдырауына себепкер болды.

Адам ішкі күйін өзгертуге тырысқанда шынайы психологиялық көмекке емес, жалған шабытқа толы тренингтерге жүгінген сайын қоғамда «тез өзгер», «сәттілікті өзіңе тарт», «өз ойыңмен өміріңді жаса» деген үстірт ұрандар көбейді. Бұл – уақытша көтеріңкі көңіл-күй сыйлауы мүмкін, бірақ адамның терең мәселелерін шеше алмайды. Оның үстіне мұндай тренингтердің бір бөлігі отбасылық қатынастарды, адамаралық байланысты, рухани құндылықтарды әлсіретіп барады. Соның салдарынан соңғы жылдары дәл коучтың кеңесіне сеніп ажырасып кеткен жұптардың қатары артты.

Бұл мақалада коучинг индустриясының көрінбейтін қауіптері, оның қоғам психологиясына әсері, әсіресе отбасы институтына тигізіп жатқан салдары жан-жақты талданады. Бүгінде коуч болу үшін көп нәрсе қажет емес. Әлеуметтік желідегі белсенділік, жылтыраған парақша, өзіне сенімді дауыс және бірнеше апталық сертификат – бітті, сіз де «жеке даму сарапшысысыз». Ал аудитория дәл осы жылы сөзге, жалған позитивке, «бәрі қолыңнан келеді» деген ұранға тез сенеді. Бұл – адамның әлсіздігінен емес, үмітке деген мұқтаждығынан. Өмірдің ауыртпалығы көбейген сайын адам жеңіл жол іздейді. Міне, осыны жақсы түсінетін коучтар моральдық тұрғыдан дайын емес жандардың сеніміне оңай кіреді. Коучтардың көпшілігі өздерін «өмірді өзгертуге көмектесетін ұстаз» ретінде таныстырады. Алайда олардың кеңесі көбінесе нақты тәжірибеге де, ғылымға да, психологияның терең заңдылықтарына да сүйенбейді. Ең өкініштісі – адам тағдырын ойыншық көріп, күрделі мәселелерге қарапайым шешім ұсынады.

Мысалы, бір әйел бірнеше тренингтен кейін «менің бақытты болуға толық құқығым бар», – деген ойды басшылыққа алып, күйеуінің пікірін елемей, балаларын алып бөлек кеткен. Бірақ бірнеше айдан кейін эмоция басылғанда, ол өзінің шешімі шынайы бақытқа емес, уақытша шабытқа негізделгенін түсінген. Өкінішке қарай, бұл кезде кеш болды. Өмірге сырт көзбен қараған коуч үшін бұл – «өсу» болса, отбасы үшін – орны толмас жара. Отбасын түсіну – коучтардың көпшілігі ойлағандай жеңіл процесс емес. Ол – психология, әлеуметтану, мәдениет, сезімталдық, тәжірибе, ең бастысы – жауапкершілік. Сондықтан оны жалған шабытпен бір-ақ күнде өзгерту мүмкін емес. Абайдың даналығымен қарасақ, Абайдың «Адам баласын заман өсіреді» дегені коучингтің бүгінгі мәселесін ашып береді. Заман адамды жеңіл жолға жетелей бастағанда адам да жауапкершіліктен қашуға бейім болады. «Өмірім өзгермесе, басқалар кінәлі» деген ой қоғамда кең тарала бастады. Коучтардың бір бөлігі осы психологияны жақсы біледі. Олар «мәселе сенде емес, ортаңда», «өзіңді тежеген адамдардан құтыл» дейді.

Мұндай сөздер уақытша күш береді. Бірақ ол адамдарды шыңдамайды, керісінше оларды әлсіз етеді. Себебі өмірден үнемі кінәліні іздеу – мәселеден қашудың ең оңай жолы. Шынайы даму ешқашан адамды жақындарынан алыстатпайды. Керісінше адам өзін таныған сайын айналасымен қарым-қатынасы да жақсарады. Ал коучинг адамды «өз әлеміне» жапқан сайын оның адамдармен байланысы үзіледі. Әрине бар кінәні коучтарға арту да дұрыс емес. Себебі кейбір адамдар тренингтен өздері қалағанды ғана алады.

Біреу жауапкершіліктен қашуға сылтау іздейді, енді бірі ұзақ жыл бойғы шаршаудан құтылудың жолын іздейді, үшіншісі басындағы мәселеге басқаша көзқарас іздеп келеді. Бірақ коучтардың өздері де жауапкершілікті сезінуі керек. Адам тағдырына араласу – ойын емес. Әр сөздің салмағы бар. Әр кеңес адамның өмірін өзгерте алады. Жалған қадам жасататын кеңестің ауыр салдарын қоғам көп жыл бойы сезінеді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ