Мұрасы мен мұратына мұқият болайық!
Мекемтас Мырзахметұлы – көп жасаған кісі. Айтпағымыз тарихи тұлғаның бақ талайына бұйырған ғасырлық ғұмыр жасы туралы емес. Әуел баста тозбақ үшін жаралған тән-табиғаттың тіршілігіне дауа жоқ.
Ал «ақыл мен жан – мен өзім», – деп Абай айтпақшы, жанның жасампаздығы адами сананың қуат-күші арқылы жасалынатын ақылдың парасаттылығына тікелей тәуелді. Сондықтан әңгімеміздің тиегі ғұмырын ғылымға жегіп «көп жасаған кісінің» ізгілік жолын ізерлеу. Шығармашылық лабораториясындағы қай қырынан қарасаң да, менмұндалап тұратын масштабтылық М.Мырзахметұлы әлемінің айнасы. Абайдың ақыл сыны, М.Әуезовтегі тереңдік М.Мырзахметұлы ғылыми тәжірибесінің колориті. Соның да әсері шығар ұлттық руханияттың уытты тұстары тегіс қамтылған.
«Абай ілімі – арым мен азаматтығымның бойтұмары», – деп ұстазымыздың өзі айтқанындай, қай тақырыпқа қалам тартса да, Абайдың «сыншыл ақылымен» қайралып-өткірленген зерттеушілік қарымымен оқырман санасына сергектік дарытады. Көтерілген мәселенің мәйегін аршып алудағы зеректік материалистік көзқарасты малданған қоғамда кездейсоқтық болып та сезілуі ғажап емес. Мекеңнің қозғау салған тақырыптарында келтірілетін деректер көбінесе көпке беймәлім, бірақ мазмұндық қыры өткір аргументтік деректілігімен салмақты. Сонысымен оқырман санасына сіңімді, өтімді. Бұл деген үнемі ой қаузап, ізденіс үстінде жүретін ғалымның көбіне адам аяғы сирек архивтер мен кітапханалардағы «сирек кітаптар» қорының тұрақты тұтынушысы ретінде шаң тұтқан архивте жұтып отырып, сарыла оқып-ізденген сәттерінің нәтижесі. Ғұмырын ғылымның жолына сарқа жұмсаған Абыздың өнімді еңбектер жазып, зерттеушілердің көбі бара бермейтін тақырыптардың ішкі бүктесіндерінен тапқандарымен отандық ғылымға олжа салды. Ең бастысы ол табыс көздері зерттеу бағыттарының бағытын өзгерткен құбылыс ретінде қабылданды. Тек ғылыми тақырыптағы арнайы зерттеулерінде ғана емес сондай-ақ газет журналдарда жарияланып отыратын мақала, сұхбаттарының өзінде ағайдың оқшау ойлау дағдысы айшықталып көрінеді. Өйткені жалпы көпшілік, тіпті ғылымның өзінде айтылып жүрген, көптеген орнықты ой тұжырымдарға Мекемтас аға өзіндік көзқараста зер салуымен топтан жырақтайды. Көбінесе көптің жүрген жолынан көлбеу кетіп отыратындай әсер қалдыратын. Сондағысы ол кісінің өзі ұдайы қайталап айтумен өткен: «Бауыржанның бапкерлігі менің ұлттық санамды оятты», – дегеннің жайы сезіліп тұрады.
Бірде ТарМУ-дің шаруашылық бөлімінде жұмыс істейтін Мағауия атты аға пәтерімдегі су тамшылап тұрған жылу батареясын жөндеуге көмектескені бар. Жұмыс істеп болған соң сөреде жиналған кітаптарды қарап тұрғанын байқадым да, «кітапты көп оқисыз ба?» деп сұрадым да Мекемтас ағамның «Қазақ қалай орыстандырылды» кітабын қолына ұстатып жібердім. Бір аптадан соң кітабымды қайтарып берді. Мен кітапты сөредегі орнына қойдым. Сөйтсем ішіне пікір қалдырыпты. Бұған дейін мұндай бағалы кітап оқып көрмеген екенмін деп. «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді...», – деп Абайдың айтқанындай, ғылыми зерттеудегі алғашқы қадамының өзі М. Мырзахметұлының болашақ бел-асуларының бағдаршамы болғандығын аңғарамыз.
Әдебиеттану саласындағы ең іргелі сала – абайтанудың жарты ғасырлық тарихын түгелімен қопара зерттеудің арқасында бұл саланың бары мен нарын, олқылығы мен толымды тұстарын түгелімен алдына жайып салды. Осы арқылы ғалым ағамыз абайтанудағы ең күретамырлы саланың басын ашып алды. Бұдан бөлек сол назардан қаға беріс қалған жанды қайнардың абайтанудағы күретамырлы тұс екендігін М.Әуезовтің тезистік ойларында бой жасырып жатқандығын дұрыс аңғара алды. Енді сол тұңғиыққа төтелей тартудың амалын М.Әуезовтің көркем туындысының автоцензуралық қырын ашу арқылы тапты. Бұл әдіс бұрын соңды әдебиеттану ғылымының айналымында қолданысқа енбеген сонылығымен айрықшаланды. Зерттеу әдісінде тың сүрлеуге түрен салған бейнеттің зейнеті «шығыс тақырыбы» болғаны мәлім. Әз Мекеңнің шәкірті болғандығын бақытым деп бағалайтын көптің ішінде мен де бармын.
«Көптің» деп отырған себебім, ресми түрде Мекемтас Мырзахметұлы ғылыми жетекшілігімен қырық жеті ғылым кандидаты, бес ғылым докторына жетекшілік етіп, ғылым кеңістігіне қосты. Ал енді ағайдың жетекшілігімен еліміздің түрлі ЖОО-да магистрлік диссертацияларын қорғап шыққандардың қарасы бұдан тіпті қалың. Түркі жұртының қара шаңырағы киелі Түркістанда ең алғаш рет бауырлас түркі баласының басын бір ортаға қосатын жоғары оқу орны бой көтергенде Әз Мекеңді жер жәннаты – Алматыдағы жылы орнынан жетелеп ала жөнелген де сол рухтың күші. Ізденімпаз ғалым онда жүріп Ясауи бабамыздың «Хәл» ілімінің мәнін насихаттап тағы бір рухани қайнардың көзін ашуға дем берді. Қала берді, түбі бір түркі тектінің басын біріктіріп, бауырластық сезімін жандандыру мақсатында «Түркі халықтарының төл мұраларын» зерттейтін ғылыми орталық ашып, көшелі еңбектің жарыққа шығуына ұйытқы болған да Мекемтас Мырзахметұлы.
Кезінде ғалымның кенеттен Түркістаннан Таразға қоныс аударуына әр алуан пікір қайшылықтары туындаған. Соған байланысты белгілі жазушы М. Байғұттың: «М.Мырзахметов Түркістаннан неге кетті?» деген аса көлемді мақаласы жарияланды. Онда ғалымның ғылымдағы үлесі мен ел мүддесін өркендетудегі еңбегі жеріне жеткізе жазылып, тиянақталды. Әйтсе де, елінің ертеңіне елеңдеп біресе Қазақстанның батысы, тағы бір күні шығысын бетке алып шапқылап жүруін күйкі тірліктің қамына жорыған күңкіл әңгіменің де орын алуы жасырын емес. Бірақ өресі жермен жексен «әңгіме-жырлар» құлағына шалынғанда ағай еш қабырғасы қайысып, қабағы түйілместен: «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын», – деуші еді Абай. Сол әдеттен қашан арылар екенбіз», – деп жымиып күлетін де қоятын. Осы орайда ойымызға мынадай бір ұтымды уәж оралады. Заманында Асан Абыз желмаясымен желіп жүріп ел-жұртын ырыс-берекеге кенелтіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған шат заман орнатуды көксейді. Сонда ол өзінің қиялынан туған «Жерұйықты» іздепті.
Аңыз желісі бойынша Асан Абыз қаншама ел мен жерді аралағанымен, ақыр соңында арман болған «Жерұйығын» таба алмай, бұл жалғаннан аһ ұрып өкінішпен аттанған. Сол баба Абыз желмаясының ізі шиырлаған ұлы жолды XXI ғасырда Әз Мекең қайта жаңғыртты. Жайлы орында отырып жанын күтпей, Қазақстанның төрт тарабын тынымсыз шарлаудан шаршамаған ғалым ағамыз «Жерұйықты» жасайтын жаңа ұрпақтар буынын қалыптастыруға тер төкті. Алайда заманы басқа болғанымен елдік мүддесімен бастары бір арнада тоғысқан қос Абыздың ізгілік бағытындағы қадамы екі айрыққа жарылды. Анығын айтқанда, ілгерідегі Абыз көксегенін ел кезіп, жер сүзіп жүріп табуға талпынды. Оның ХХІ ғасырдағы ізбасары жанамын деген жүректерге жалын беріп, әр кеудеге ғылым-білімнің нұр-сәулесін сеуіп жүріп дегеніне жететініне сенімді болды. Елінің әр Жерұйыққа айналдыратын саналы, сапалы ұрпақтар сабақтастығын орнатып, келешегі кемел қоғам орнатудың концептуалды идеологиясы ретіндегі Абайдың «Толық адам» ілімінің басын ашып беріп кетті.
Әз Мекең өзінің асқақ арман, ұлы мұратына жету жолындағы Абайдың «Толық адам», Шәкәрімнің «Ар», «Жантану» ілімдері мен Алаш айбындыларының идеяларын жеріне жеткізе насихаттады. ХХІ ғасыр Абызының алдына қойған «Жерұйықты» жасау идеясын жүзеге асыру бүгінгі ұрпақтар буынының алдындағы аласармайтын аманат.
Талғат ЕРБАЙ
филология ғылымдарының кандидаты.