Жастар – өркениетті Қазақстанның сәулетшісі
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз», – деп Тәуелсіздіктің негізгі тағанын таратып айтқан еді. Тәуелсіздік – елдің егемендігі ғана емес, халық санасының бостандығы мен еркіндігі, елдің аңсарлы азаттығы, ұлттық санасы, рухани құндылықтары, елдің рухы. Бұл – ғасырлар бойы ата-бабамыздың аңсаған арманы. Тәуелсіз мемлекетті дамыту, қалыпты жағдайда өмір сүру – білімді, жан-жақты дамыған, ұлттық құндылықтарды бойына қалыптастырған ұлт ұрпағының қолында екені анық.
Бүгінде жаһандық өркениет пен сәт сайын жаңғырған ғылыми индустрияда қарымды бетбұрыстармен танылған Қазақ Елі әлемдік деңгейде асқақ абырой, жоғары мәртебелі орнын иелене бастады. Бабаның бұл асыл арманы атаның мұң-зарына ұласып, ақыр соңында ХХІ ғасыр буынының бағына бұйырған ұлы Тәуелсіздіктің жемісі болды. Егеменді ел болашағының іргетасы ретінде қаланған басты құндылықтарды санамалап көрсеткен Президентіміз:
Тәуелсіздікке жету жолы оңай болған жоқ. Қазақ халқы еркіндік пен азаттық үшін сан ғасыр бойы күрес жүргізіп, батырлар елін қорғады, ұлт қайраткерлері елдікті сақтау жолында жанын пида етті. Олардың ерлігі мен табандылығы бүгінгі тәуелсіздіктің негізін қалады. Сондықтан әрбір азамат тәуелсіздіктің қадірін терең түсініп, оны сақтау – басты парыз екенін ұғынуы тиіс. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан барлық салада үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Еліміз экономикасы дамыған, саяси тұрақтылығы қалыптасқан, халықаралық аренада беделі жоғары мемлекетке айналды. Білім беру, мәдениет, ғылым, медицина салалары жаңа деңгейге көтеріліп, халықтың өмір сапасы жақсарды. Әлем елдерімен берік дипломатиялық байланыстар орнатылып, елдің геосаяси маңызы артып келеді. Сонымен ел тәуелсіздігі – тек өткеннің жетістігі емес, бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігі.
Қазақстан жастарының бойында елжандылық қасиетті, туған жерге деген сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарға құрметті қалыптастыру – ел болашағының негізгі тірегі болып саналады. Өйткені тәуелсіздікті сақтап қалу – оны жариялаудан да қиын міндет. Ол міндетті тек бірлік пен ынтымақ арқылы ғана мемлекет дамудың жаңа белестеріне жете алады. Тәуелсіз Қазақстанның ең маңызды тірегі – білімді, жаңашыл, ойлы, отаншыл жастар.
Бүгінгі әлемде білім – елдің дамуын, экономикалық қарқынын, мәдени өркендеуін анықтайтын басты құндылық. Сондықтан қазақстандық жастардың білім деңгейін арттыру, интеллектуалды әлеуетін күшейту – ел болашағына салынған ең үлкен инвестиция деуге болады. Жаһандану дәуірінде білім тек оқулықтағы мәтінмен шектелмейді. Қазіргі білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – мектептен бастап оқушыларға цифрлық технологияларды меңгертіп, жасанды интеллектіні пайдалана отырып бірнеше әлем тілдерін еркін сөйлетіп, жаңа идеяларды жүзеге асыруға дайын болуды көздейді. Сондықтан да жаңа Қазақстанда білім берудің жаңа форматтары, халықаралық бағдарламалар, инновациялық білім беру орталықтары қарқынды дамуда. Бүгінгі Жамбыл жастары – ғылымға құштар, өз айтар ойы бар, еркін тұлғалар. Олар стартап жобалар жасап, халықаралық зияткерлік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, IT, инженерия, робототехника, шығармашылық салаларында жоғары нәтижелер көрсетуде. Бұл – тәуелсіздіктің арқасында қалыптасқан жаңа буын.
Қазақстандық жастар үшін жоғары білім – жай ғана кәсіби дағды емес, өз мүмкіндігін ашатын кең әлем. Заманауи келешек мектептер, колледждер, университеттер, ғылыми зертханалар, білім гранттары – барлығы жас буынның дамуы үшін жасалған жағдай және интеллектуалды қарқынын күшейтетін маңызды қадам. Жоғары оқу орындарында еліміздегі «Болашақ», академиялық ұтқырлық бағдарламалары, қос дипломдық білім – студенттеріміздің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуына зор мүмкіндік туғызуда. Тәуелсіздік алған 34 жылдың белесінде еліміздің білім беру жүйесі мен педагогикалық ғылымы әлемдік білім кеңістігінен орын алды. Осы жоғарыда айтылған мәселелер дұрыс шешімін табу үшін қоғамға саналы, жоғары дәрежеде жастарға білім мен тәрбие беретін заман талабына сай, бәсекеге қабілетті маман дайындау керек екені анық. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің миссиясы – жеке кәсіпкерлік университет – зерттеулердің, инновациялардың және үздік тәжірибелердің тұрақты интеграторы болу. 2029 жылға қарай Дулати университеті ірі академиялық және кәсіпкерлік инновациялар орталығына айналады. Университет мемлекеттің білім беру саласындағы стратегиялық мақсаттарына сәйкес білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды басты мақсат тұтады.
Қорыта айтқанда, Қазақстан жастары – еліміздің ең үлкен байлығы. Олардың ашық ойы, терең білімі, ұшқыр арманы, жаңа бастамасы – тәуелсіздіктің ең жарқын көрінісі екені сөзсіз. Ал білімге салынған күш пен ерен еңбек ешқашан зая кетпейді. Бүгінгі білімді жас – ертеңгі өркениетті Қазақстанның сәулетшісі.
Лескүл ИБРАИМОВА
Педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті