Әлеумет

Тәуелсіздік Отанын аңсағандарға жол ашты

Сан түрлі сынақтарды бастан кешкен қазақ елі аңсап жеткен Тәуелсіздіктің нәтижесінде аласапыранда алыстаған ағайынмен қауышты. Тар жолда тайғақ кештірген дүрбелең шақта әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қандастар Отанға оралды. «Елге ел қосылса – құт» деген халқымыз сан тараптан зарыға жеткен қандастарын құшақ жая қарсы алды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас мемлекетіміз экономикалық дағдарысты өткергені баршаның есінде. Сол ауыртпашылықтарға қарамастан Қазақстан – егемендігін алған сәттен бастап өз қандастарын атажұртына шақырған әлемдегі жалғыз мемлекет. Тәуелсіздік бақыты бұйырған 1991 жылдан бері елімізге 1 миллион 152 мыңнан астам этникалық қазақ оралған. Тек биылдың өзінде 4427 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жыл басынан елге келген қандастардың 45,8 пайызы Қытайдан, 40,9 пайызы Өзбекстаннан, 5,4 пайызы Түрікменстаннан, 3 пайызы Моңғолиядан, 2,3 пайызы Ресейден және 2,6 пайызы басқа елдерден келген. Елімізге көшіп келген этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер қатарында Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары анықталған. Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2309 адамды құраған.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары яғни, бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш – 275,2 мың теңге мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 айлық есептік көрсеткіш – 59-дан 118 мың теңгеге дейінгі мөлшерінде ұсынылады. Жыл басынан бері 339 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, 136 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе бір отбасына 4,56 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді. Ал өз өңірімізде яғни, облыс аумағына 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін 20324 отбасыдан құралған 66369 қандас қоныс аударыпты.

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиевтің айтуынша, биылғы 1 желтоқсанға дейін 454 отбасыдан тұратын 813 адамға қандас мәртебесі берілген. Сондай-ақ 63 отбасыдан тұратын 79 адамға қандас мәртебесі ұзартылған.

Басқарманың мәліметінде биылғы 1 желтоқсандағы дерек бойынша жұмыс күші тапшы өңірлерге 93 отбасы яғни, 387 адам қоныс аударыпты. Қоныс аударушылардың арасынан 156 адам еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, олардың 35-і тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған. 18-35 жас аралығындағы жастардың саны 84 адамды құрайды. Мектеп жасындағы және мектеп жасына дейінгі 226 бала мектепке дейінгі ұйымдар мен білім беру ұйымдарындағы орындармен қаматамасыз етілген. Қоныс аударушы отбасылар толық көлемде қабылдаушы өңірдің өңірлік квотасына енгізіліп, олардың барлық мүшелеріне белгіленген тәртіппен субсидиялар төленген. Сондай-ақ жалдамалы тұрғын үйге де қол жеткізген. Қабылдаушы болып табылатын солтүстіктегі Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктерінен көмектің бірнеше түрлері қаралған.

Атап айтсақ, 70 айлық есептік көрсеткіш – 275240 теңге көлемінде бір реттік көшуге арналған қаржылай көмек отбасындағы әрбір мүшеге тиесілі. 12 ай бойы жалдамалы баспана мен коммуналдық төлемдерге арналған жәрдемақы, қалалық жерге көшкендерге 20-30 айлық есептік көрсеткіш, ауылдық жерге көшкендерге 15-21 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, экономикалық ұтқырлық сертификаты – тұрғын үй сатып алуға арналған 1160 айлық көрсеткіш – 4561120 теңге көлеміндегі қолдау беріледі. Жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығына жер алуына және жеке кәсіп ашуына мүмкіндік қарастырылған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА