Аймақ

Әлеуметтік дүкендердің азық-түлігі шынында арзан ба?

5 жылдан бері облысымыздағы әлеуметтік дүкендердің жыры бітер емес. Ондағы баға да, сапасыз тауар да халықтың көңілінен шықпайды. Осы орайда Тараз қалалық қоғамдық кеңесі әлеуметтік дүкендерге зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Кеше Amanat партиясының облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Онда тұрақтандыру қоры арқылы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеуге жүргізілген мониторинг пен қоғамдық сараптама нәтижелері айтылды.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда халықты азық-түлік бағасының қымбаттауы алаңдатып отыр. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – халықтың қамы, сондықтан бұл Үкіметтің құзырындағы мәселе. «Тараз» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы өңірде аталған қызметті ұсынатын жалғыз оператор, қысқа қайырсақ – монополист.

Тараз қалалық қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Сәкен Қоңдыбаевтың айтуынша, бүгінгі күні өңірлік тұрақтандыру қорында жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгені құрайтын 24,5 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар қоры жасақталған. Оның 15,1 мың тоннасы кәсіпорындар мен көкөніс қоймаларында, 9,4 мың тонна тұрақтандыру қорында. Атап айтқанда, 588,0 тонна ұн, 1010,3 тонна күріш, 102,1 тонна қарақұмық, 12,1 мың тонна қант, 4537 тонна картоп, 1000 тонна пияз, 1368 тонна сәбіз, 937 тонна қырыққабат, 589,7 мың литр күнбағыс майы тауар жеткізуші кәсіпкерлердің қоймаларында сақтаулы.

Баға бұрынғыдай 10 теңгелеп емес 100 теңгелеп өсетін болды. Осындайда нарыққа бақылау жасап, жөнге келтіруге жауапты корпорация биылғы жылы бірде-бір талдау жасамапты. Жиынға «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» басқармасының басқарушы директоры Равиль Төлебаев та қатысты. Оның айтуынша, 2026 жылға халыққа керекті қызанақ, қияр сынды басқа да тауарлар саудаға шығарылмақ. Айтылған сынға қарай ісімізді түзеуге талпынамыз деп отыр. Тараз қаласының тұрғыны Серік Сатылғанов та әлеуметтік дүкендердегі бағаға да, тауарға да риза емес екендігін жеткізді.

Қысқасы, қалалық қоғамдық кеңесі мен Amanat партиясының облыстық филиалы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» жұмысына бірлесіп жүргізген мониторинг нәтижесі аталған корпорацияның ешқандай ортақ ережесіз, өз білгенінше жұмыс жүргізіп, делдалдың рөлін атқарып отырған құрылым екендігіне, оның жұмысына жергілікті әлеуметтің көңілі толмайтындығына көз жеткізді.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА