Әлеумет

«Шәмшінің өзі сахнада бата беріп еді...»

16 ЖЕЛТОҚСАН – ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ. «ТӘУЕЛСІЗДІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ» АТТЫ МАҚАЛАСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ АЙТЫП ӨТКЕНІНДЕЙ, БҰЛ «БОСТАНДЫҚ БІЗГЕ ОҢАЙЛЫҚПЕН КЕЛГЕН ЖОҚ. АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДА АРПАЛЫСТЫ. ТАЛАЙ ЗҰЛМАТ ЗАМАНДАР МЕН НӘУБЕТТЕРДІ БАСТАН ӨТКЕРДІ».

Қазақтар өзінің тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққан екен. Соның ең соңғысы – тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандауға арналған қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіне де биыл 39 жыл толды. «1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор.

Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары–Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек». Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда сақталатын болады. Желтоқсан көтерілісінің себепсалдарына келсек, бұл қозғалыстың шығу-өрбу негіздері кеңестік жүйенің шала дүмбезділігінде, оның империялық, тоталитарлық, казармалық табиғатында жатқанына көзіміз жетіп отыр.

Белгілі тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше, өткен ХХ ғасыр Қазақ елі үшін тым ауыр кезең болды. Осыдан 108 жыл бұрын яғни, 1917 жылғы 12 желтоқсанда Алаш автономиясын құру ісін қолға алған Алашорда үкіметі өмірге келді. Алаш қозғалысы нақты бағдарламалық негізге сүйенген саяси қозғалыс болатын. Ал Алаш саяси қоғалысын күшпен жойған кеңестік биліктің қазақ қоғамының өмірін жаңа сұраныстарға сәйкес бейімдеуге арналған түбегейлі бағдарламасы болған емес. М.Қойгелдиевтің ойынша, қазақ қоғамын басқару жөніндегі күрделі іске даярлықсыз кіріскендігін көп ұзамай-ақ өмірдің өзі көрсетіп берді.

1929-1932 жылдары Қазақстанда кеңестік реформалық шараларға – күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыруға қарсы 372 қарулы көтеріліске алып келген. Міне, сол Алаш қозғалысына тән белгілерді Желтоқсан көтерілісінің себепсалдарынан да байқауға болады. 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері Алматыдағы орталық алаңда және бүкіл ел көлемінде болып өткен қанды қақтығыстар мен толқулар Кеңес өкіметі мен қазақ халқы арасындағы өзара сенімсіздіктің жетпіс жылға жуық мерзімнен кейін де сол күйінде қалғандығының нақты айғағы болып табылды.

Осы күні әсіресе композитор, Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәліні іздеушілердің қатары көп болады. Тағы бір айта кетерлігі, келесі жылы Шона Смаханұлының «Анамның тілі» өлеңіне жазған әніне 50 жыл, ал Әбдірахман Асылбековтың сөзіне жазылған «Желтоқсан желі» мен Исрайл Сапарбайдың сөзіне жазылған «Қайрау» әніне 40 жыл толады екен. Бұл әндер Желтоқсан оқиғасының әнұранына айналғандай. Осы орайда біз композитор Әбиірбек Берденұлын әңгімеге тартып, сұхбаттасқан едік.

– Аға, бір сұхбатыңызда Шона Смаханұлының «Анамның тілі» сөзіне ән жазған соң, авторға сегіз жылдан кейін барып жолыққаныңызды айтыпсыз. Соны тарқатып айтып беріңізші?

– 1976 жылы Жамбыл мәдени ағарту училищесінде актер бөлімінде оқимын. Ауылдың баласымын. Қалаға келген соң алдымда кездескен қиындықтың бірі – орыс тілі болды. Бұл қалай болды, қаймағы бұзылмаған қазақы облыста осындай қиындық бар деген тіпті түсіме де кірмепті. Бірде жатақханада отырғанымда қолыма Шөкеңнің кішкентай кітабы тигені. Негізінен сатиралары берілген екен. Кітаптың соңғы парақтарында бес-алты лирикалық өлең жүр. Сол лирикалық өлеңдердің ішінде «Анамның тілі – айбыным менің» деген өлеңі бірден ұнағаны. Әуен де сол күні шықты. Әнді досым, әріптесім Жүніс Әлімбеков екеуміз дуэтте орындап жүрдік.

– Сөзін жазған авторға сегіз жылдан кейін жолықтыңыз ғой...

– Иә. Жүніс екеуміз Алматыға Шона ағаны арнайы іздеп бардық. Үйін де тауып алдық. Бойы аласалау, бірақ шапшақ сөйлеп, шапшаң қозғалатын Шөкең: «Иә, келіңдер. Қайдан жүрсіңдер, кім боласыңдар?», – деп төрге оздырды. Келген жайымызды айтып жатырмыз. «Жамбылданбыз, аға, сіздің сөзіңізге бір ән жазып едік, соны ала келдік», – дедік. «Айналайындарау, осы сөзге ән жазған кім болды екен деп сендерді іздестіріп жүр едім. Қазақы деген облыстар – Жамбыл, Шымкент, Қызылорданың мәдениет басқармаларына хат да дайындап қойып едім. Жақсы келдіңдер», – деді. Ән ағаға ұнапты. Шынымды айтсам, Шона ағаны бірінші рет, соңғы рет те көргенім осы болды. Біз елге қайттық. Бір аптадан кейін театрдағы жігіттер сүйінші сұрайды. Сөйтсек, Шөкең «Мәдениет және тұрмыс» журналына әнді сөзімен, нотасымен беріп: «Сүйінші, ағайын, әннің авторы табылды!» деп жариялапты. «Анамның тілі» әні бүгінде ұранға айналған әнге айналды.

– Енді «Желтоқсан желі» әнінің шығу тарихына тоқталсаңыз...

– Негізі «Анамның тілі» де, «Желтоқсан желі» мен «Қайрау» әндері бір-бірімен сарындас. Үш ән де тәуелсіздіктің бастауында үлкен толғаныс пен бұлқыныстан жарыққа келген әндер. Бұл желтоқсан боздақтарына арналған жоқтау. Сол көңілде ызғарлы мұң қалдырған кез мәңгі есте. Бұл шығарманың әні де, сөзі де терең әсер етеді тыңдарманға. Сол Алматыдағы орталық алаңда көтеріліс болған жылы мен Жамбыл облыстық театрында актермін. Қазіргі Желтоқсан мен Сүлейменов көшесінің қиылысында тұрамын. 16 желтоқсан күні Алматыдан әртүрлі хабарлар жетіп жатты. Бұзықтар, есірткі шеккендер орталық алаңда бұзықтық жасап жатыр дейді бірінде, ал бірінде Д.Қонаев орнынан алынып, Ресейдің бір облысында бірінші хатшы болған Колбин келіпті деген хабар тарады. Ертеңіне 17-і күні газетжурнал, радио, телеарналардан хабар берілді. «Социалистік Қазақстан» мен «Лениншіл жас» газеттерінде «информациялық хабар» деген шағын ақпарат жүр екен. «25 мыңға жуық жастар шыққан» дейді хабарда. Қатты толғандым, ауылда еңіреп ата-ана қалды, алаңда қазақтың жастары қалды. Бұзықтар, есірткі шеккендер дегенді бірден «жалған» дедім. Сол жылы қыс та қатты болды. 17-і күні таңертең жұмысқа шықтым. Ол кезде қазіргі Желтоқсан көшесі бойындағы тоғыз қабатты әкімшілік ғимарат жатақхана болатын. Жолдың екінші бетіне өтсем тоғыз қабаттан төмен қарай төсенішпен түсіп жатқан жастар, алдында қызыл жағалылар өріп жүр. Толқын, толқын жастар легі. Міне, әннің сарыны келе бастады. Театрға жаяу келдім, келгенше шумақтың басы құралды. Өзімді қоярға жер таппаймын. Театрда да жігіттер Желтоқсан оқиғасын айтып, шу болып жатыр. Менің жүрегім қазаққа күйе жаққанына сенбейді. Жігіттер Алматыға барамыз дейді. Бірақ сол кездегі астана – Алматыға жол жабық. Жігіттердің бірі ақын Әбдірахман Асылбековтың Таразда екенін айтты. Ол кісі Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры екен. «Еңбек туы» газетінен таптым ол кісіні. «Мен Әбиірбек Тінәлі деген актермін, аға. Алматыдағы жағдайды естідіңіз, соған менің жанайқайым – ән шықты. «Ыңылдашы» деді. Әнді ыңылдап бір екі рет орындап бердім. «Не туралы жазамыз?», – деді ағам. «Ой, айналайын-ау, әнді жазамыз. Бірақ күніміз ертең не болады?», – деді одан кейін. Мен ойланып қалдым. «Аға, 1969 жылдың желтоқсан айындағы жұтты білесіз. Соны жазайық», – дедім. «Онда екі сағаттан кейін кел», – деді ағам. Шыдамсыздық танытып ерте келіп алдым. Сөз дайын:

Желтоқсан бірде,

Ел тосқан түрде,

Келетін мүлде жайдарлы.

Сол жылы бірақ,

Әдеттен жырақ Көрінді шын ақ айбарлы...

 

Тоңдырды мені,

Тоңдырды сені Желтоқсан желі ызғарлы.

Солдырды гүлді,

Оңдырды нұрды,

Көңілде мұңды із қалды...

«Болды, болды, аға, менікі, менікі» деп, қағазды құшақтай алып шыға жөнелдім. Сөздің әсер еткені соншалық, көзімнен жас шығып келеді. Бір сөзін өзгертпедік. Жүніс Әлімбеков екеуміз үш күн дайындалып, 20-на Алматыға тарттық. 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйінің 23-ші қабатына орналасып, радиоға бардық. Қолымызда домбыра, орталық алаңнан өтіп барамыз. Саған өтірік, маған шын, қарды үйіп күреп, тазалап тастаған. Сол қарға тамған қызыл қан, сарғыштанып мұнда ойран болғанынан хабар беріп тұрғандай. Жүрегім ауырды. Радиоға жеттік, онда Степан Исачанский деген мықты дауыс жазатын маман бар. «Жігіттер, қандай жаңалықпен келдіңдер?», – деп астыүстімізге түсіп жатыр. «Бір ән жаздық, мынаған жаздық», – деп алаңды көрсетіп қоямыз. Сөйтіп, әнді бірден жаздық. Енді не істейміз? Радиоға берейік деп шештік. Бір кабинетте толықтау келген келіншек отыр екен. Ішке кіріп, осындай ән алып келіп едік, радиоға эфирге берсек деп едік деп жатырмыз. Әнді тыңдап көрді де, «Ойбай, жігіттер! Бұл әнді бере алмаймын. Басым кетеді, жұмыстан айырыламын. Бала-шағам бар», – дегені. Алып-ұшқан көңіліміз су сепкендей басылды. Басымыз төмен қарап, алаңға шықтық. Бір жігіт ағасы алдымыздан өткендей болған. «Әй, жігіттер! Қолдарыңда домбыра, қайдан келдіңдер?», – дегені. «Жамбылдан келдік, мына оқиғаға байланысты ән жазып едік, радио қабылдамай қайтарды», – дедік. «Жігіттер, мен «Азаттық» радиосының Мюнхендегі қазақ бөлімінің меншікті тілшісі Қиял Сабдалин деген боламын. Ішке кіріңіздер, сөйле с ейік», – дегені. Кабинетке кіргеннен әңгімені бірден бастады. Әуелі танысып алдық. «Қайда орналастыңдар? Қашан қайтасыңдар?», – дейді. Біз бүгін қайтамыз дедік. «Жігіттер, бүгін қайтпаңдар. Мынадай кішкентай ғана радио бар, соны сатып алыңдар. Мына радио толқынына 19.35-те беріледі. Тыңдаңдар. Осыдан сегіз мың қашықтықтан бүкіл қазақ жұрты естиді әндеріңді», – деп шығарып салды. Содан қонақ үйге келіп, уақыт өтсеші. Уақыт та жетіп, хабар басталды. Жүніс екеуміз бір-бірімізге қараймыз, құлағымызға сенбейміз. Жаңа түстегі әңгімеміз толық беріліп, соңында ән орындалды. Байқағанымыз, сұрақты күтпеген жерден беріп отырған болатын, сөйтсек бізге де еркіндік беріп отыр екен ғой. Ал әннің таза жазылғанына таңғалып отырмыз. Ән орындалғанда Жүніске қарасам, көзінен мөлтмөлт жас тамып отыр. Оны көріп менің көңілім босап кетті. Ән алғаш осылай әлем қазақтарының алдында орындалды. Хасен Оралтай деген «Азаттықта» 16 жыл директор болған кісі. Бірде Талғат Атабай хабарласып, сүйінші сұрап, Хасен Оралтайдың сіз туралы жазбасын алдым: «Жамбылдан келген екі жігіттің екі әні – «Желтоқсан желі» мен «Қайрау» деген әндері жылдар бойы беріліп келді «Азаттықтан» деген хабар екен онысы.

– «Қайрау» әнінің сөзін Исрайл Сапарбай жазды ғой.

– Иә, бірақ бұл өлеңнің сөзін ешқандай баспа жарияламай қойған. Мен ақын ағаның осы өлеңіне ән жазып, өзімен хабарласқанмын. «Аға, мына өлең ұнады, ән жаздым», – дедім. Бірақ өлеңнің басында «Ұлым Еркебұланға» деген жазуы бар болатын. Осы сөзді жазғаннан кейін баспаларда жарық көрген екен өлең. Ақынның тапқан амалы ғой. Бұл да желтоқсан оқиғасына жазылған ән. Қазір Мейрамбек Беспаев орындап жүр.

Мұңайма бала,

Қайғырма бала,

Өмірге қанат жайдың ба жаңа,

Әнімді менің, жанымды менің,

Жайылып жатқан айдынға бала,

Арыма балам, налыма бала,

Күш-қуат құйсын жаныңа дала,

Құлыным әман, жүрсін деп аман,

Жаратқанға жалынады ана, – болып келеді жолдары.

Ой, бұл әнге де жиендік жасағандар болды ғой уақытында. Бірақ қос әннің «Азаттық» радиосының алтын қорына енгені анық.

– Сонымен ән «Азаттықта» бес жыл беріліп, Колбин орнынан кеткен күні Қазақ радиосында берілген екен. Осы күннен ән барынша таралған секілді. Жалпы, желтоқсан оқиғасы өз бағасын алды ма?

– Әрине, желтоқсаншылар өз бағасын, статусын алмады әлі. Оның үстіне қазір Қазақстандағы барлық қалада желтоқсаншылардың ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктері бар. Ал солардың бәрінің басын қосу шыны керек, қиынның қиыны болып тұр. Тіпті бір қаланың өзінде екі ұйымнан жұмыс істеп тұрғандары бар. Желтоқсан оқиғасынан кейін бес жыл өткенде Жүніс екеумізді Алматыға циркке шақырды. Кешке концерт, бірақ күндіз цирк алдында ән салып жатырмыз. «Анамның тілі» айтылуы керек, бірақ біз көшеде кетіп бара жатқандарды елеңдетейік деп «Желтоқсан желін» орындадық. Сенесің бе, көшеде кетіп бара жатқандар бұрылып келіп әнді тыңдады. Жиналған жұртты кешке концертке шақырып жатырмыз. Сонда көпшіліктің сұрағаны «кешке мына ән орындалады ма?» болды. Кешкі концертті жүргізетін актриса Гүлбаушан Тілеубекова Жүніс Әлімбековтың курстасы. Содан бағдарламаны өзгертіп Гүлбаушанға өтініш айтты. «Қалай болар екен? Бағдарламаға басқа ән жазылған», – дейді ол. Әй, ол да батыр қыз ғой. Келісіп, «Желтоқсан желін» орындадық. Енді цирктегі аренада ән орындалып тұр, сонда халықтың құрметі мен қошеметі бізді таңғалдырды. Осылайша ән халықтың алдында жанды дауыста орындалды. 1993 жылдың қаңтарында Алматыға кеттім. Күйші Секен Тұрысбеков екеуміз бірге жүреміз. Сонда Алматыдағы мектептерге шақырып тұрады. Халықты үш сағат ұстаймыз. Мектептен мектеп естиді, бірінен соң бірі шақырады. Енді қазір «Желтоқсан желі» әнін кім орындап жүр шатасатын болдым. Қала берді «Кісі жары болады» деген әнімді халық әні деп жүр. Өткенде башқұрттардың орындағанын естіп таңғалдым.

– Сіз «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын кеш алдыңыз. Жалпы, атаққа қалай қарайсыз?

– Мен «Халық әртісі» деген атақты осыдан 40 жыл бұрын алуым керек еді. Сен айтқан атақты 2001 жылы алдым. Бұдан кейін «Құрмет» пен «Парасатқа» ұсынылуым керек екен, оған ұсынбады. Енді алмаймын. Уақытым өтіп кетті. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын алғаннан кейін жеңілдіктері бар екенін білмедім. Маған халықтың берген бағасы жоғары. Қазір екі бөлмелі қызметтік пәтерде тұрып жатырмын. Әкімдерге қол жайып барған емеспін.

– Сіздің Шәмшімен сыйластығыңыз болды. Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына қойылған пьесаның музыкасын сіз жаздыңыз, солай ғой?

– Иә, Шәмші ағаны үйде күттім талай. Сол жылы Мұқағали туралы пьеса «Жан азабы» жазылды, авторы – Оразбек Бодықов. Режиссері – Әскербек Құлданов. Оразбек Бодықов Мұқағалидің ауруханада жатқан кезін жазады. Көзіне әкесі елестейді, жаны қиналады. Әкесі 21 жасында соғыста қайтыс болған. Енді пьесаның музыкасын жазу үшін Шәмшіні шақырған болатын. Бірақ Шәмші «Әй, жігіттер! Мен кезегімді осындағы жас актер Әбиірбек Тінәліге беремін», – дегені. Шәмші – қазақ вальсінің королі маған жолын беріп тұр. Бұл үлкен жауапкершілік еді. Екі айдан кейін пьесаның премьерасы өтті. Оған Шәмші де, Оразбек Бодықов та шақырылған еді. Мұқағалиді актер Қуандық Қасымов ойнады. Премьера керемет өтті. Пьеса соңында елдің құрметі, қошеметі ерекше болды. Ел-жұрт: «Шәмші, Шәмші, автор, автор», – деп ортаға шақырды. Содан Шәкең сол жағында тұрған Қуандықтың, оң жағында тұрған менің қолымнан ұстап, ортаға шықты. «Айналайындар, жақсы бір ән шықса, орындалып жатса Шәмші шығарды деп жатасыңдар. Бүгін менің бұл пьесаға еш қатысым жоқ, қонақ болып келіп отырмын. Жаңа ғана жақсы ән жазып, сіздердің құрметтеріңізге бөленген өздеріңіздің қарашықтарыңыз. Жастарға өнерімді берсін, өмірімді бермесін. Мен бұл балаға батамды берейін», – деп батасын берген еді.

– Аға, амандық болса алда 70 жас мерейтой келе жатыр. Дайындығыңыз қалай?

– Енді дайындық дегенде әндерім бар, өнерім бар. Біраз әнімді қайта өңдеп жатырмын. Жаңа әндер де бар. Кітап шықты. Тағы да кітап шығады. Дайындық бар, дегенмен әлі де пысықтап алатын тұстары бар.

 

Әңгімелескен Ерман ӘБДИЕВ