Жаңалықтар

«Қуанышымызда шек жоқ» Шу ауданындағы үш шағынаудан сапалы ауыз сумен қамтылды

Тәуелсіздік күніне орай Шу ауданы, Шу қаласына қарасты Жанқұлиев, Жайсан және Горгаз шағынаудандарының шамамен 16 мың тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізді.

Қуанышқа қарай өткен салтанатты шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен аудан прокуроры Талғат Оспанов қатысты. Ауыз сумен қамту жобасын іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен сондай-ақ Арнаулы мемлекеттік қордан жалпы көлемі 3,377 миллиард теңге қаржы бөлінді. Горгаз (12362 адам) және Жанқұлиев (2681 адам) шағынаудандарында ауыз су желілерінің құрылысын «Интеллект-Азия» серіктестігі, ал Жайсан шағынауданында (818 адам) «ТаразСтрой-2004» кәсіпорны жүзеге асырды.

Сонымен қатар Байзақ ауданының Төрткөл ауылында да қайтарылған активтер қаражаты есебінен жүргізілген ауыз су құрылысы толық аяқталып, тұрғындар сапалы тіршілік нәрін пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту туралы тапсырмасына сәйкес, облыста жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл 13, 9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекенде және 9 тұрғын алқапта (Тараз қаласында – 5, Шу қаласында – 4) ауыз су нысандарының құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 19 елді мекенде және 5 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылды. Қамту көрсеткіші қалаларда 99,8 пайызды, ауылдық елді мекендерде 99,6 пайызды құрап отыр.

Қазіргі таңда 3 елді мекен мен 4 тұрғын алапта құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдаутапсыру рәсімдері жүргізілуде. Ал қалған 2 нысанда құрылыс жұмыст ары 90 пайызға орындалды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі