Қариялардың бар жағдайын жасайтын орталық
Халқымыз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетумен ұрпақтар сабақтастығын жалғап, сыйластықпен өмірдің үйлесімді салтын ұстанады. Сол үрдіспен Тараз қаласында қарияларға әдемі қарттық сыйлайтын Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осы орталықтың жаңа ғимараты ашылды.
Өңірдегі зейнет жасына жеткен азаматтардың әлеуметтік бейімделуі мен оларды мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік белсенділікке тарту арқылы физикалық және менталдық ұзақ өмір сүруін арттыруды көздейтін орталықтың жаңа ғимараты заманға сай жабдықталған. Көркі көз тартар зәулім ғимарат «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан Samruk-Kazyna Trust корпоративті қорының көмегімен салынған. Орталықтың ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев барша облыс тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Ғимараттың жалпы ауданы – 1875 шаршы метр. Орталық 200 адамға арналған. Қариялардың игілігі үшін осында қызмет көрсетуге 54 бірлік штат қарастырылған. Нысан құрылысының бас демеушісі «Самұрық-Қазына» қорының өкілі, Адам ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы, Протокол қызметінің басшысы Нариман Мелдебек бұл орталықты елдің өсіпөркендеуіне сіңірген еңбектері үшін зейнеткерлерге көрсетілген алғыс деп атады. Ол өз сөзінде ата-әжелер қызметтен зейнеттік демалысқа шыққанымен жас ұрпақты тәрбиелеп, елдің ынтымақ-берекесін ұйытуда, ел ертеңі үшін еңбектерін жалғастырып отырғандарын айтты. Қариялардың атынан ризашылық ниеттерін жеткізген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев барлық жағдайы жасалған ғимаратты салып, салтанатты түрде ашып берген демеушілер мен билік өкілдеріне алғысын білдірді.
Жаңа ғимараттың лентасын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Самұрық-Қазына» қорының өкілі, Адам ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы, Протокол қызметінің басшысы Нариман Мелдебек және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қиды. Ақ кимешекті әжелер шашу шашып, өнерпаз жастар әндерімен салтанатты жиынға көрік қосты.
Қамар ҚАРАСАЕВА