Студенттер ақынға құрмет көрсетті
Ақын – жұмыр басынан мың сан ой-толғаныстар мен мәселелерді өткізетін адам. Жүрегінен өлең туған жанның барлық сезімі де, сыры да халықтың көз алдында. Танымал ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті жазушысы, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасеріковамен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде мәдениет және өнер кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Шуағын шашқан Шырын» атты әдеби кештен осындай ой түйдік.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, ақынның кеші шынайылыққа, жылылық пен құрметке толы болды. Әуелі аталған кафедраның меңгерушісі, Мәдениет қайраткері Айгүл Қабиева құттықтап, Шырын ақынның өрелі өлеңдері мен оқырманға беріп отырған өнегесіне тоқталды. Шығармашылық кешті ұйымдастыруда студенттермен тікелей жұмыс жасаған аға оқытушы Майра Әлімнің еңбегі атап өтерлік. Кеш барысында Шырын Мамасерікова жан сырымен бөлісті. Бойында үлкен таланты бола тұра, Меркіні неге таңдағаны туралы жасырмай айтты.
Кеш барысында Мәдениет саласының үздігі, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Оңал Азаматова кеш иесінің сөзіне жазылған «Абат өлке», аталған филармонияның әншісі Қайсар Көкішев «Әже әлдиі» әндерін шырқады. Айым Жасұланқызы, Жаннұр Жарылқасын бастаған студенттер ақынға сұрақ қойып, әсерлі жауап алды. Сонымен қатар университет ұстаздары мен студенттері Шырын ақынға қазақы дәстүрмен құрмет көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ