Спорт және туризм

«Жамбыл» бокс орталығы ашылды

Еліміздегі бокс спортының абыройы әрқашан асқақ. Оның ішінде Әулиеата боксының өзіндік беделі бар. Әйгілі Серік Қонақбаев бастаған жеңістің көшін бүгінгі оғландарымыз да сәтті жалғастырып келеді. Былғары қолғап шеберлерінің жетістігіне жамбылдық жанкүйерлер сәт сайын куә болып жүр. Мұндай жетістіктің барлығы өңірімізде бокс спортына көңіл бөлудің жоғары екендігін байқатады. Сөзіміздің жарқын дәлелі – «Жамбыл» бокс орталығының ашылуы.

Облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп ең алдымен «Жамбыл» бокс орталығының ашылуына қатысты. Айтулы іс-шарада облыс әкімінің орынбасары, облыстық бокс федерациясының президенті Серік Сәлемов сөз сөйлеп, былғары қолғап шеберлерінің жетістігіне және оларға жасалып жатқан жағдайға кеңінен тоқталды.

Қазақстан Республикасы бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп те жаңа орталықтың ашылуымен жамбылдықтарды және бокс жанашырларын құттықтады.

Орталықтың ашылуына арналған лентаны Серік Жақсылықұлы мен Шахмұрат Мүтәліп қиып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Федерация президенті көпшілікпен бірге орталықты аралап, жағдайымен танысты. Мұндағы әмбебап зал, кіші зал, жаттығу залдары қадірлі қонақтың көңілінен шықты. Ол жас боксшылармен әңгімелесіп, көңіл күйлеріне назар аударды. Олардың арасында бокстан ересектер арасында Әлем чемпионатына қатысушы, жастар арасында Азия чемпионы Бейбарыс Жексен, жастар арасында Әлем және Азия чемпионы Бексұлтан Боранбек, жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Илья Калинин бар. Бейбарыс Жексен көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін федерация президентіне алғысын білдірді. Осы орайда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков сөз алды.

Келесі кезекте федерация президенті Тараз қаласындағы №6 облыстық мамандандырылған балаларжасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратымен танысты. Мұнда әсіресе бокс спортына көп көңіл бөлінген. Осында жаттыққан балалардың қатарында жасөспірімдер арасында ел чемпиондары мен жүлдегерлері шығып жатқаны айтылды. Федерация президенті жасөспірім боксшыларға барлық мүмкіндікті жасау керектігін айтып, спорт мектебінің ғимаратына көңілі толғанын жеткізді.

2026 жылы ересектер арасындағы ел чемпионаты Таразда өтеді

Қазақстан Республикасы бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп пен облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешеніне де атбасын бұрып, танымал боксшылармен және жаттықтырушылармен кездесті. Жиынды Серік Жақсылықұлы ашып, жүргізіп отырды.

Федерация президенті де жамбылдық бокс майталмандарына ізетін көрсетті.

Мұнан соң Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушылар Дамир Буданбеков пен Әмірхан Төлен өздерінің көкейіндегі бірқатар мәселелерді сұрап, бокстың дамуы жолында өз ойларымен бөлісті. Басқосуда Серік Жақсылықұлы республикалық бокс федерациясының президентіне 2026 жылғы бокстан ересектер арасындағы ел чемпионатын Тараз қаласында өткізсек деген ұсынысын білдірді. Бұл ұсыныс қадірлі қонақ тарапынан қолдау тапты.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қорытындылап, өңірге келген құрметті қонаққа өз алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ