Білім

«Мектеп LIFE» қандай жоба?

Ел болашағы жолында жасөспірімдердің бойындағы қабілетті ашу аса құнды. Бұл ретте заман талабымен үндесетін жаңашыл жобалардың маңызы үлкен. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы №66 орта мектепте «Мектеп LIFE» медиа жобасының ашылуы өтті. Жиынды аталған мектептің директоры, «Құрмет» орденінің иегері Фарида Шортанбекова ашып, Президенттің бастамасымен салынып, пайдалануға берілгеніне бір жыл толған мектептің толайым жетістіктеріне тоқталды. Оның ішінде мұғалім Қарлығаш Әбдірахманова басқаратын «Мектеп LIFE» медиа жобасының мақсатына тоқталды. Бұл жобаның маңызы неде?

Бүгінгі қоғам ақпараттық технологиялардың жедел дамуы, медиа саласының маңыздылығы мен жастардың цифрлық кеңістіктегі белсенділігінің артуымен сипатталады. Мұндай жағдайда оқушылардың ақпаратты дұрыс қабылдау, талдау, сұрыптау, шынайы дереккөздерді ажырату, өз ойын сауатты жеткізу сияқты қабілеттерін қалыптастыру – заман талабы. Осы қажеттіліктерді ескере отырып құрылған «Мектеп LIFE» медиа жобасы – білім беру мекемесі үшін жаңа деңгейдегі кешенді шығармашылық алаң.

Жоба жас тілшілерді, болашақ журналистерді, операторларды, режиссерлерді, спикерлер мен медиа саласына қызығушылық танытқан барлық оқушыларды біріктіретін орталыққа айналмақшы. Жоба шеңберінде мектеп өмірінің ақпараттық ашықтығы күшейтіліп, оқушыларға өзіндік пікір қалыптастыру, қоғамдық көзқарас білдіру, зерттеу жүргізу, репортаж жасау, бейнеролик түсіру, журналистік мәтін құрастыру, подкаст жүргізу сияқты кәсіби дағдыларды меңгеру мүмкіндігі беріледі.

Жобаның құрылымымен таныстыру барысында 7 бағыттан тұратын медиа бағдарламалар топтамасы және сол бағдарламаларды жүргізетін 14 жас тілші сахнада бағдарламаларды таныстырып, медиа менеджерлердің қатысуымен салтанатты түрде тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шара барысында облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт сөз алып, қазіргідей баспасөздің оқылуы мен маңызы баяулап тұрған уақытта мұндай жаңашыл жобалардың берері көп екеніне тоқталды.

Облыстық «Jambyl» телеарнасы бас директорының орынбасары Айбол Қараш, «Taraz-24» телеарнасының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Зарина Қуатова өздері басқаратын құрылымдардың ішкі ерекшеліктерін айта келіп, жас оқушы журналистерді тәжірибе алмасуға қонаққа шақырды.

Журналист, айтыскер, Мәдениет саласының үздігі, осы жолдардың авторы да ойымен бөлісті. Мұнан соң аталған медиа құрылымдар мен № 66 орта мектеп арасында байланыстар жасау үшін келісім құжаттарына қол қойылды.

Жаңа жоба туралы жұмыстардың ұйымдастырушысы, ақын Қарлығаш Қуанқызы:

Бұл білім ошағында «Мектеп Life» интернет газеті, «Мектеп news» жаңалықтар топтамасы, «Достар» podcast, «Талант Time» tv ток-шоу, «Ұстаз voice» мұғалімдермен сырсұхбат бағдарламасы, «Future Lab» ғылым мен технология бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл оқушылардың талантын ашуға үлкен мүмкіндік.

 

Есет ДОСАЛЫ